Қарағанды қаласындағы қазыналы қарияның игі ісі көпті таңқалдырып жүр

Жол түсіп Қарағанды қаласына бара қалсаңыз, сізді 85 жастағы көлік жүргізушісі діттеген жерге тегін жеткізіп тастауы мүмкін.

Кеншілер қаласындағы қазыналы қарияның игі ісі көпті таңқалдырып жүр.

Әстәби атаның «Ваз-2101» көлігі тұп-тура 1970-ші жылғы. Яғни белгілі «Жигули» маркасының ең алғаш шыққан түрі. Алайда өзі тек 79-шы жылы сатып алған. Содан бері заманда, адамда, қоғамда өзгерді. Өзгермеген жалғыз темір тұлпары. Оны не сатқысы жоқ, не алмастырғысы келмейді. Кәдімгі бір-біріне сенімді серік. Күніне екі сағат тегін таксилететіні тағы бар.

Мұрат Құсайын, қала тұрғыны:

- Боранды күндері автобусқа бармайсың, остановка алыс. Сондай кезде осы кісіге барамыз. Бұл кісімен көршіміз, бір үйде. Қысылғанда кез-келген жерге апарып тастайды, бұлдамайды, ақы берсең алмайды, сол рақметімізді айтамыз да кетеміз.

Ақсақал сенімді серігін бүге-шүгесіне дейін біліп алған. Анда-санда қаланың қаңқу тірлігінен жалыққан кезде ауылға тайып тұрады екен. Жасы жарты ғасырдан асқан жигули Қарағанды мен Қарқаралының арасындағы шұрық-тесік 200 шақырым жолды оңай еңсереді.

Әстәби Бұлқанов, зейнеткер:

- Бұның ерекшелігі бұның краскасы екі рет жүргізілген, қазіргілер бірлет қана. Батпақ судан ұшып соғады ғой, сонда краскасы кете қоймайды. Пеші өте қайнатып тұрады. 44 жыл болды, өзінің роднойы, барлық сайманы өзінікі, тек акумуляторын айырбастап тұрамыз.

Әстәби ата 4 баладан немере мен шөбере сүйіп отырған қарт. Жақындары жаңа көлік алып беру бастамасын талай көтерген. Бірақ дәл осы тақырыпты қарттың суқаны сүймейді екен. 

Тәуіржан Бұлқанов, Ә. Бұлқановтың ұлы:

- Талай айттық, немерелері де айтты, ата мынаны сатып жібер, жаңасын алайық деп. Қимайды, көзіндей көреді.  Осының қай жері сынса да, соны велосипед жөндегендейғып жөндеп алады. Жасыратыны жоқ бұл біз үшін құтты машина, осымен осы үйге талай келін келді. Талай құдалықтарға барылды.

Әстәби ата зұлматты 30-шы жылдары дүниеге келген. Еңбекке ерте араласып, 17 жасында шопырлықты игереді.  Содан бері тізгіндемеген техникасы жоқ. Тіпті ең алғашқы ағаш кабиналы көліктерді де ұстаған. Алдағы уақытта ақсақал ақ жигулиін ретро-көліктер тізімінен көргісі келеді екен.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар