Ресейлік астықты Қазақстан арқылы алып өтпек болғандардың әрекеті әшкереленді

Ресей астығын Қазақстан арқылы үшінші елге астыртын асырмақ болғандардың әрекеті әшкереленді. Сұр импорт схемасын Павлодар облысының қаржы мониторингі агенттігі департаменті анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық компания жеңілдетілген экспорттық тарифті алу үшін қитұрқылыққа барған. Шаруалардан астықты «қазақстандық» деген жалған шот-фактура жасатып пайдаланған. Нәтижесінде «ҚТЖ Жүк тасымалы» мекемесіне 150 млн теңгеге жуық залал келтірді. Осылайша, 2021-2022 жылдар аралығында серіктестік Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға 1 млрд теңгеден астам сомаға 8,3 мың тонна астық экспорттаған. 

Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Компания жеңілдетілген экспорттық тарифті алу үшін отандық шаруа қожалықтарынан астықты қазақстандық екенін растайтын жалған шот-фактураларды пайдаланған, бұл транзиттік тарифтен жалтарып, «ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС-не 150 млн теңгеге жуық сомасында залал келтіруге әкеп соқты. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.