loader


Маңғыстау облысындағы ауылға алғаш рет асфальт төселеді

Маңғыстау облысындағы Атамекен елді мекеніне алғаш рет асфальт төселетін болды. 43 мыңнан аса тұрғыны бар ауылдық округ Мұнайлы ауданына қарайды. Мұндағы жолдар бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Әсіресе жаңбырлы күндері көлік қозғалысы мүлдем қиындайды. Өзекті мәселені шешу үшін бюджеттен 600 млн-ға жуық қаржы бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қуанышты жаңалықты ауыл халқының күткеніне 15 жылдан асты. Бұған дейін көпшілік көшелердің ой-шұңқырын өз күшімен бітеп келді. Қиыршық тас, құм-саз тасымалдауға кәсіпкерлер атсалысқан. «Алайда тиісті жөндеу жасалмаған соң жолдар қар, жауын-шашынды күндері балшыққа айналып, қозғалыс тіптен қиындайды. Әлі күнге осы бейнеттен арыла алмай келеміз» - дейді тұрғындар.

Сәрсен Тоғызбаев, ауыл тұрғыны:

- Татьяна мен Көктем саяжайға дейін ортада жаңбыр жауған кезде осындай жағдай болады. Сол уақытында жақсылап сапалы етіп жөндесе, көпке кететін шығар деп ойлаймын. Көшемізде асфальт жоқ.

Бақыткүл Алдабергенова, ауыл тұрғыны:

- Көшеге мүлдем кіре алмаймыз. Асфальттің түрі мынау. Мына жер судан теңіз болып тұратын еді ғой, жаңбыр жауса. Соны балалар көмді. Әкімдікке талай бардық. Барғанда жөндейміз дейді. 2023 жылға ақша бөлінді дейді.

Халқы тығыз қоныстанған ауылдық округке асфальт жол керектігі 2007 жылдан бері айтылып келеді. Кезінде саяжай болған елді мекен сол уақытта Мұнайлы ауданына қосылған еді. Содан бері мәселе шешілген жоқ. Жергілікті әкімдік өкілінің сөзінше, күрделі жөндеу жұмыстары жуық арада басталады. Бірінші кезекте орталық көше жолдары қалыпқа келтіріледі. 

Әнуар Қалымов, Атамекен ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Ару мейрамханасынан бастап арман зауытына дейін жол салу жоспарда бар. Жобалық-сметалық құжаты дайын. Сонымен қатар мердігер мекемемен келісімшарт жасақталып тұр. 596 млн теңге қарастырылған бұл жобаға. 527 млн-ы республикалық бюджеттен. Наурыз айына бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.

Келер айда қаражат түссе, ауыл ішіне асфальт төсеу жұмыстары сәуірде басталады, - деп сендірді әкімдік қызметкері. Ұзындығы 3,4 шақырымдық орталық көше жолының ені 7 метрді құрайды. Қайта жаңғыртудан соң 12 метрге дейін кеңейтілмек.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.

Сондай-ақ...