Шымкентте азық-түлік бағасы негізсіз көтерілген

Шымкентте үй іргесіндегі дүкен иелері әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын негізсіз көтерген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары тұтынушылардың шағымынан кейін 13 дүкенге жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның бесеуінде қарақұмық, құмшекер, күріш сияқты жиі тұтынатын өнімдердің қымбат бағада сатылғаны анықталды. Яғни 15 %-тік үстеме мөлшерлеме сақталмаған. Жыл соңына дейін тағы да шағын кәсіп иелерінің үстінен шағым түссе 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал орта және ірі кәсіпкерлік нысандарына 75-тен 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жаза қарастырылған. Сала мамандары мониторинг жұмыстарының ұдайы жүргізілетінін айтады.

Қайрат Базарбеков, қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқарма басшысының орынбасары:

- Бірінші ретте ескерту болады. Екінші рет қайталанса, сауда объектісіне шағын, орта және ірі дәрежесіне байланысты айыппұлдар салынады. Кез келген сауда нысанында тауардың бағасына, сапасына қатысты ескертпелері болса, ресми хабарлама беруге мүмкіндік қарастырылған.