Қарағанды облысындағы Бұқар Жырау ауданында маусымдық мал жайылымы ұйымдастырылады. Қанатқақты жоба әзірге тек 5 ауылда жүзеге аспақ. Бақташылар ерте көктемде елдің төрт түлігін шалғайдағы шөбі шүйгін алқапқа айдап апарып, қара күзде кері алып қайтады. Осылайша, біртіндеп аймақтағы жайылым тапшылығын азайту көзделіп отыр. Бастысы, жайлауда мал ұстауға барлық жағдай жасалады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Айдын Ысқақов осыдан 10 жыл бұрын Алабас ауылының маңынан 2 мың гектар шабындық жер алған. Кейін мал басы азайған соң, құнарлы алқап бос қалып, біраз уақыт игерілмей тұрады. Биыл оны мемлекет меншігіне өткізуге шешім қабылдаған.
Айдын Ысқақов, Жаңақала ауылының тұрғыны:
- Маған қашықтау жер, ауылдың арасы 50-60 шақырым жер болды, сол жерді өз еркімізбен халықтың игілігі үшін, мал жайылымы үшін сол жерді тапсырып, содан енді біраз шаруалар шешілді. Қазақша айтқанда «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болдық осы күні.
Бұқар жырау ауданында биыл Айдын Ысқақов секілді бірнеше фермер бос жатқан 13 мың гектар жерді мемлекетке өткізген. Енді аудан әкімшілігі ол жерлерге маусымдық мал жайылымын ұйымдастырмақшы. Игі жоба әуелі 5 ауылда жүзеге асады. Соның бірі – Жаңаталап ауылы.
Бектас Ізбасханов, Жаңаталап ауылының тұрғыны:
- Төрт мың гектардай жер бөліп отыр. Соған енді біз дайындалып жатырмыз. Оның бір жақсы жер, барғанда бүкіл жағдайды жасап берейін деп отыр. Вагонын апарып береді, жарығын тартып береді, суын шығарып береді, жаңағыдай «кашар», «забор» – бәрін салып береді.
Жаңаталап ауылындағы төрт түліктің саны қазір 2 мыңнан асқан. Мал басына шаққанда 17 мың гектар жайылымдық жер болу керек. Ал қазір бар болғаны – 1200 гектар. Жайылым жетпейді. Сондықтан шалғайдағы шөбі шүйгін алқаптың инфрақұрылымын реттеп, ерте көктемде ауылдың бар малын сол жаққа жеткізбекші. Бақташыны тұрғындар өз араларынан таңдайды, кейін келісім бойынша әр мал басына ақша төлейді.
Асқар Отыншиев, Жаңаталап ауылының әкімі:
- Біз көктемде халықтың малын жинаймыз. Биркалаймыз, номер тағамыз. Малдан мад дәрігері қан алады, нәтижесі шығады. Сосын таза болса, жинап, айдасып апарып, күздің күні айдасып әкелу ол жергілікті әкімшіліктің мойнында.
Манат Құрманғалиев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Ауылдың маңайында тек сауатын сиырлар ғана қалады. Жоспарымыз солай. Сонда маңайдағы жер демалып, шөптің құнарлылығы көтеріледі деп отырмыз.
Жайлаудың жағдайын жақсарту үшін қазынадан 95 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Егер нәтижелі болса, жобаны аймақтың басқа аудандарында да жүзеге асыру жоспарда.
Айта кету керек, қазір облыс бойынша жайылым тапшылығы 464 мың гектарды құраса, өткен жылы бос жатқан 1 млн 232 мың гектар алқап мемлекетке қайтарылған.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.
