Алаяқтар айылын жияр емес

Қазақстанда алаяқтар айылын жияр емес.

Қаңтар-ақпан айларында 3 мыңнан аса құқық бұзушылық анықталды. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 43 пайызға көп. Әсіресе, ғаламтор арқылы алдап-арбайтындар азаймай тұр. Интернетте жұмыс іздеген жұрт алаяқтардың құрығына жиі түседі. 

Алуа былтыр оқудан тыс уақытта нәпақа табуды көздейді. Студент қызға интернеттегі хаттар мен телефон қоңырауына жауап беру ұсынылады. Жұмыс ақысы бір миллион теңге деп көрсетіледі. Бірақ орынды сақтап қалу үшін алдын ала қызмет ұсынушының веб-әмиянына 10 мың теңге жіберу керек.  

Алуа, қала тұрғыны:

- Басында 9 мың теңге, кейін мың теңге олардың переводтарына...

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше - ғаламтор арқылы алдын ала төлем жасау алаяқтықтың басты белгісі. Мамандар мұндай қадамға бармауға әрі бейтаныс адамға мәлімет бермеуге шақырады.

Аман Әубәкіров, ҚР ІІМ Ерекше маңызды істер бойынша аға уәкілі:

- Жұмыс беруші сізден құжаттарды рәсімдеу үшін алдын ала төлем жасауды сұрайды. Бұл алаяқтық істің алғашқы белгісі. Себебі жұмыс берушінің қоластындағы қызметкерден ақша талап етуі қисынға келмейді. Сондықтан сақ болған жөн. Ешкімге төлем жүйесі арқылы қаржы аудармау керек.

Ғаламтордағы алаяқтарда шекара жоқ. Олар қашықта отырып, жұмыс іздеген жандардан "сақтандыру сомасы" деген сылтаумен қаржы талап етеді. Егер алаяқтардың құрығына түсіп қалсаңыз, бірден құқық қорғау органдарына хабарласу керек.

Аман Әубәкіров, ҚР ІІМ Ерекше маңызды істер бойынша аға уәкілі:

- Алаяқтарға алданған адамдар бірден полицияға хабарласуға тиіс. Егер банкке қатысты мәліметтерді жіберіп қойсаңыз, қаржы ұйымының жедел желісіне қоңырау шалып, жағдайды баяндаңыз. Өйткені банк қаржы аударымдарын тоқтатып тастай алады.

Алаяқтарға алданбау үшін ресми порталдарға жүгінген дұрыс. Мысалы, еңбек биржасы бар. Мұнда еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің талаптарына сай келетін мекемелер тізімі орналасқан. Мамандар кейінгі бес жылда интернет-алаяқтыққа қатысты 60 мыңнан аса қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Алайда оның 12 пайызы ғана сотқа жолданған.