Қарағанды қаласы Майқұдық ауданында жол салу кезінде ₸2 млрд жымқырылған

Қарағанды қаласы Майқұдық ауданындағы орталық жолды салу кезінде, жауаптылар шамамен 2 млрд.теңге жымқырған.

Жобаға бастапқыда 12 миллиард теңге бөлініпті. Бұл туралы облыстық прокуратура өкілдері хабарлады. Осыған байланысты Қарағанды қаласының қалалық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомбиль жолдары бөлімінің басшысына қатысты, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұдан өзге іске қатысы бар, басқа да күдіктілер анықталып жатыр. Бұл жолдың құрылысы шамамен 3 жылға созылған болатын. Қадағалаушы орган өкілдері жасатқан сараптамаға сүйенсек, жол бойына су ағарлар жасалмаған. Асфальттің ірі түйіршікті жабындысы төселмеген. Құрылыс жұмыстарына сапасыз топырақ пайдаланылған және кейбір учаскелерге битум тек құжат жүзінде әкелінген. 10 жыл бойы жөндеу көрмеген бұл жолды, жергілікті халық ерекше күткен еді.

Бекзат Ахметов, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:

- Тексеру нәтижесінде нақты орындалмаған жұмыстарға орындалды деп актілерге нысаналы түрде қол қойылған фактілер анықталды. Атап айтқанда Қарағанды қаласының Карл Маркс және Магнитагорск көшелеріндегі жолды күрделі жөндеу кезінде 2 млрд теңгеден астам сомадағы бюджет қаржысы жымқырылған.