Ақтөбе облысында егіс алқабы 10 мың гектарға ұлғаймақ

Ал биыл Ақтөбе облысында егіс алқабы 10 мың гектарға ұлғаймақ.

Нәтижесінде, тұқым себілетін аумақтың жартысынан астамы дәнді-дақылдарды құрайтын болса, қалғаны көкөніс, бақша және мал азығы болады. Маңызды істі сапалы атқару үшін шаруалар қазірден бастап дайындықты күшейтті. Тұқым қорын жасақтап, қажетті техникаларын сайлап жатыр. Көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілмек.

Дархан Сайлауов өзі қызмет ететін қожалықтың алдағы маусымға дайындығын жіті бақылауға алған. Себебі, күздегі жиын-терімнің мол болуы көктемгі дала жұмыстарының сапалы жүргізілуімен тікелей байланысты екенін жақсы біледі. Сондықтан да егіске арналған трактор, тұқым себетін кешендердің техникалық жағдайы пысықталуда. Таяу күндері мұнда оннан астам су жаңа техника келмек. Ал бірер аптадан соң көрші өңірлерден қосымша тұқым жеткізілетін болады. Қожалық көктемде себетін 250 тонна дәнге тапсырыс берген.

Дархан Сайлауов, шаруа қожалығы басшысының орынбасары:

- Картоп дақылының тұқымы барлығы өзімізде бар. Өзімізде сақтадық. Алайда бір бөлшегін жаңарту ойымызда бар. Ал бидай дақылының тұқымы бойынша  осы облысымыздағы тұқым шаруашылықтарынан барлық жеткілікті көлемде біз тұқымды сатып алуға өтінім білдіріп,  сатып алуға дайын болып отырмыз.

Дәл осындай қызу тірлік бүгінде облыстағы егін егетін барлық қожалықтарда бастау алған. Мамандардың айтуынша, биыл шаруалар тұқымнан тапшылық көрмейді. Себебі, қазірдің өзінде диқандардың көбінің қоры жеткілікті. Ал аз жинағандары Қостанай және Батыс Қазақстан облысынан тапсырыс беріп, әкеліп жатыр дейді. Жоспар бойынша көктемгі егіс жұмыстарына үш мыңнан астам техника тартылуы мүмкін. Ал мемлекеттік қолдау шарасы аясында егіншілікпен айналысатын құрылымдарға субсидия беру жалғасын таппақ. Бұл үшін бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлінген. Арзандатылған жанар-жағар май да берілетін болады.  

Асылхан Әбтиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздің облысымызға есеп бойынша 9 800 тонна дизель отыны керек болып отыр арзандатылған. Бұл жөнінде ауыл шаруашылық министрлік тарапынан барлық көлемде бөлінді. Енді наурыз-сәуір айынан бастап, шаруашылық дизель отынымен тасып алу жұмыстары басталады.

Егін егу жұмысына кірісу үшін әлі бірнеше ай бар. Дегенмен, шаруалар уақыттың тез зымырайтынын айтып, дайындықты ширата түскен. Жалпы өңір бойынша алдағы көктемде 718 мың гектарға тұқым себу жоспарланып отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев