loader


Алатаудың шың-құздарында қар көшкіні толастар емес

Жыл басынан бері 20-дан астам көшкін тіркелген. Тауда қар қалың. Сондықтан мамандар бұл мезгілде бөктерге саяхат жасамау керектігін ескертеді. Бұл орайда облыстағы «Қазселденқорғау» мекемесі мен Төтенше жағдайлар департаменті жағдайды бақылауды күшейтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Есік пен Түрген шатқалдарында қар көшкіні жиі болады. 2 ай бұрын Түргендегі қар көшкіні Түрген-Батан автожолын басып қалған. Жол дер кезінде тазартылып, автокөліктің жүруіне шектеу қойылды. Көшкін қаупі сейлмейінше демалыс аймақтары уақытша жабылды.

Алмас Садуақас, тілші:

- Қазір демалушылар үшін Есік көліне баруға рұқсат жоқ.Таудағы қар қалыңдығы 1 метрден асады. Ал Еліксай мен Түрген бөктеріндегі қардың деңгейі 50 см жұқарған.

Күн сайын Есік гидробекетінің мамандары қардың қалыңдығын өлшейді. Арнайы құрылғылармен ауа температурасын, ылғал мен жел екпінін анықтап отырады. Жалпы, Іле Алтауында 15 гидроситанция жұмыс істейді. Олар Жамбыл мен Райымбек ауданы аралығын қамтиды. Жиналған мәліметтер Есік қаласындағы «Қазселденқорғау» мекемесінің аумақтық техникалық басқармасына жіберіледі. Тек Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарында 54 қар көшкіні аумағы бар.

Еркін Ахметов, «Қазселденқорғау» ММ филиалының басшысы:

- Бүгінгі күні осы аудандарда 11 метр қар көшкіні тіркелді. Сақтық шара бойынша ескерту қалқаншалары, ескертпе қағаздары таратылып жатыр. Бірақ әлі де қауіп бар деп айтуға болады.

Таудағы ахуалды бақылауда авиацияның маңызы зор. «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің тікұшағымен әуеге көтерілген мамандар өзен-көлдердің жай-күйін бақылады. Есік пен Талғар шатқалдарында 200-ге жуық топырақ көшкіні болатын аумақ бар. Сондықтан тау бөктеріне жақын орналасқан елді мекенге қауіп төнбес үшін үнемі тексеріс жасалады.

Рахман Кәрімжан, Еңбекшіқазақ аудандық ТЖ бөлімінің басшысы:

- Арнайы комиссия  құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Су тасқынына дайындық мақсатында бүгінгі күнге аудан аумағында 5 мың текше метр қар шығарылды. Қазіргі уақытта аудан аумағында су тасқынының жағдайы тұрақты.

Көктем жақындап, күн жылынған сайын қар көшкіні жиілейді. Таудағы ауа райы құбылмалы. Кез келген сәтте төтенше жағдай болуы мүмкін.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.

Сондай-ақ...