Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейс қашан ашылады?

Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасы  2025 жылдың екінші жартысында ашылуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаев айтты.

Оның сөзінше, еліміздегі ең ірі ұлттық әуе компаниясы АҚШ-тан ұзақ қашықтыққа ұшатын 3 Dreamliner ұшағын лизингке сатып алу жөніндегі келісімге қол қойған. Қазір Федералдық Авиация Әкімшілігінің сертификаттау жұмыстары басталған. Мұхиттың ар жағына тікелей рейстің ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың кеңеюіне септеседі. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке сапары барысында Үкіметке Қазақстан мен АҚШ арасында тез арада әуе қатынасын ашу туралы тапсырма берген болатын.

Ержан Ашықбаев, ҚР АҚШ Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстанның әуе әкімшілігі, Қазақстанның Азаматтық Авиация комитетімен бірлесіп, Американың Федералдық әуе әкімшілігінің стандарттарына сәйкес біздің бүкіл авиациялық өнеркәсіптің, демек әуе компаниялардың, әуежайлардың Америка тарапының стандарттарына сәйкес келетінін дәлелдейтін бір тексерістерден өтуіміз керек. Бұл жұмыс қолға алынды.