Түркияға барып қайтқан құтқарушылар сыйақы алады

Түркияға көмек қолын созған құтқарушылар марапатқа ұсынылды.

Оларға ақшалай сыйақы да төленеді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты. Қазақстандық мамандар үйінділердің астынан 7 адамды құтқарып, қаза тапқан 88 тұрғынды шығарған. Бауырлас елге жәрдемдескен біздің батырлардың ерлігі бүгін арнайы жиында қорытындыланды. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркияға аттанған 100-ге жуық құтқарушы жауапты миссияны абыроймен атқарып келді. Түрік елінің алғысын алған жігіттер бүгін журналистермен кездесті. Олардың ішінде жас маман Рамазан Кумаевта бар. Ол жасақпен бірге баруға өзі сұранған. Алғашқы лекпен аттанып, ең күрделі қираған нысандарда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді.

Рамазан Кумаев,  жедел құтқару жасағының құтқарушысы:

- Біз Нұрдағы қаласында болдық. Барғанда 24 сағат кірісіп кеттік жұмысқа. Жұмыс барысында ең бірінші ер адамды таптық. Тірі. Тапқаннан кейін шығару үшін 5 сағаттай кетті. Содан кейін екі әйел кісіні шығардық. Бізге түрік халқы бауырларымыз бізге риза болып рахметін айтып шығарып салды. 

Қазақстаннан барған мамандар Газиантеп, Кахраманмараш, Нұрдағы, Хатай қалаларындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Олар бүлінген көпқабатты онға жуық ғимаратты зерттеп, 252 мың текше метрден астам үйіндіні аршыған. Бұл жұмыстар алғашқы үш тәулікте күндіз-түні үздіксіз жүргізілді. Тірі қалғандарды табуда мына Мирта есімді қызметтік иттің де үлесі зор болды. Ол бүгін брифингке қатысты.

Николай Попов, кинолог-құтқарушы:

- Техногендік қирандылардың үстінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқанбыз. Кенет Мирта бірнәрсені сезіп белгі бере бастады. Ит көрсеткен жерді зерделеп, тазартып  бір адамды құтқарып алдық. 

Түркияға 55 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жеткізілді. Сонда  оқитын қазақстандық студенттер арасынан 10 ерікті шығып, аудармашы ретінде жәрдем берген. Іздеу-құтқару кезінде 200-ден астам жергілікті тұрғын мен құтқарушыға, оның ішінде 30-ға жуық балаға медициналық көмек көрсетілді.

Ибрагим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі:

- Құтқарушылар марапатталады деп айтылды. Бүгінгі күні біз Төтенше жағдайлар министрлігі бүкіл қағаздарын, құжаттарын осында құтқару операциясына қатысқандардың бәрін президент әкімшілігіне қағаздар жібердік. Ақшадай сыйақы ретінде беретін оны қазір біздің Төтенше жағдайлар министрлігінің өзінің қаражатынан алдымызда қарастырады. Бәріне төленеді.  

Іздеу-құтқару жұмыстары 17-ші ақпанға дейін жүргізілді. Қазақстандық мамандар аяғына дейін қатысып, Түркиядан ең соңғы боп шыққан.  

Руслан Бақытбекұлы, Тоқтар Терлікбаев