Абай облысының Көкпекті ауданы қар шығарып әлек. Өйткені ақ ұлпа жылдағыдан 2-3 есе қалың түскен. Қазір аудандағы коммуналдық мекемелер күні-түн дамыл таппайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
- Лақтыратын жер де қалмады. Қорғанның бәрі қарға толып кетті
Көкпекті ауданындағы әрбір ауылда қазір осындай жағдай. «Мұндай мол қар жаумағалы талай жыл болды. Ақ ұлпаның астында қалдық», - дейді аудан орталығының тұрғыны Дуғали Бейсенұлы.
Дуғали Бейсенұлы, Көкпекті ауылының тұрғыны:
- Биыл қар қалың. Екі есе. Қар тазалаудан қол босамай жатыр. Жылдағыдай емес. Үйдің төбесін 2-3 рет күредік.
Қардың қалың түскенін аудандық метеостанция өкілдері де растап отыр. Олардың айтуынша, қазір өңірдегі қар жамылғысы – 86 сантиметр. Ал таулы жерде 1,5 метрге дейін жетеді. Әсіресе аудандағы 5 ауылға қар жылдағыдан мол түсіпті.
Азамат Қасым, тілші:
- Көкпекті ауданында көктемгі тасқынға қарсы дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, дәл қазір қар шығару жұмыстарымен 30-ға жуық техника айналысып жатыр. Жалпы, жыл басынан бері 38 мың текше метр қар шығарылған.
Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары:
- Бүгін Үлкен Бөкен ауылында қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елді мекенге қар өте көп түседі. Ауыл аумағынан 10 мың текше метрге жуық қар шығарылды.
Қар шығару жұмысына аудандық бюджеттен 83 млн теңге бөлініпті. Ал жол бойындағы 17 көпір мен 148 су өткізгіш құбыр тазартылып, 200 тонна инертті материал мен 6 тонна дизель отыны әзірленген. Көкпектіге көршілес Ақсуат ауданында да көктемгі тасқынның алдын алу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.
