Түркияның 30 құтқарушысы Қазақстанда дайындықтан өтеді

Еліміздің білікті құтқарушылары оларға төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет етудің қыр сырын үйретеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Зілзаладан зардап шеккен Түркия халқына көмектесу үшін Алматыдан 33 құтқарушы және Апаттар медицинасы орталығының 5 дәрігері аттанған болатын. Жалпы, Қазақстаннан барған 100-ден аса құтқарушы үйінділер астынан 7 адамды құтқарып, 88 мәйітті алып шықты. Олар далада, қара суықта, тәулігіне 16 сағаттан жұмыс істеді. Құтқарушыларға 3 қызметтік ит көмектескен. Солардың бірі Джейкоб 3 метр тереңдікке дейін түсіп, зардап шеккендерді табуға атсалысқан. 

Владимир Цой, ҚР ТЖМ республикалық жедел-құтқару жасағының басшысы:

- Қазақстанның құтқарушыларының кәсібилігін түрік азаматтары жоғары бағалады. Жұмыс барысында «Қазақтар мықтысыңдар. Сендерде жиі жер сілкінісі бола ма?» деп сұрағандар болды. Біз оларға елімізде білікті  құтқарушылар мектебінің қалыптасқанын жеткіздік. Шын мәнінде, елімізде жыл сайын түрлі жаттығулар, семинарлар өтіп тұрады. Сол шаралардың көмегі тиді.