Ақтөбе облыстық архивіне Ы. Алтынсарин жазған хаттың көшірмесі жеткізілді

Құнды құжат Башқұртстан мемлекеттік архивінен табылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қолжазбада ағартушы билік өкілдеріне Торғай өңіріндегі барлық мектепке ұстаздан бөлек, шаруашылыққа жауапты маманды бекіту қажет деген. Яғни, мұғалімнің бар зейіні сапалы білім беруде ғана болуы тиіс. Тарихи құжаттар арасында Қарабұтақ ауылында 25 шәкірт оқитын орыс-қырғыз аралас мектебін ашу және Темір қаласына мешіт салу туралы жергілікті белсенділердің Орынбордағы генерал-губарнаторға жазған хаты да бар. Бұдан бөлек, «Ғалия» медресесі түлектерінің бұрын көпшілікке беймәлім суреттерінің көшірмесі де жеткізілді. Белгілі жазушы Жиенғали Тілепбергенов пен Мұстафа Шоқайдың өткен ғасырдың басында түсірілген фотосы да бар. Барлығы 1800-ге жуық бет құжатты мамандар зерделеуге кіріскен.

Марат Төлебай, облыстық Мемлекеттік архив директоры:

- Енді бұл құнды құжаттардың барлығы қазіргі таңда зерттелу үстінде. Тексеру-сараптау комиссиясынан өтеді. Сол комиссиядан өткеннен кейін 1 жылдан кейін ғана пайдаланушыларға ғылыми айналымға енгізіледі. Бұл енді ертең тарихқа қызығушылық танытатын қоғамға таптырмас мұра деп есептеймін.