loader


СҚО-да су тасқынына дайындық пысықталды

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары пысықталды.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары биыл өңірде 85 елді мекенді қатаң бақылауға алып отыр. Өйткені жердің беті бір жарым метрге дейін қатып қалған. Әрі өзен-көлдерден де қауіп бар.

Солтүстік Қазақстан - қысы қатты аймақ. Әрі мұнда көктем кеш келеді. Өңірде бүгін де қар жауып, боран соғып тұр. Дей тұрғанмен, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су тасқынына дайындықты бастап кетті. Өйткені қамданған қапы қалмайды.

Никита Мархалюк, Ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс бөлімшесінің бастығы:

- Тасқын кезінде ақпаратты уақытылы жеткізу аса маңызды. Сондықтан мына техника төтенше жағдай кезінде таптырмайтын құрал болып табылады. Ол байланыс жоқ аймақта  спутник арқылы жұмыс істей береді.

Облыста 85 елді мекен қатаң бақылауға алынды. Көбіне өзен-көлдерден қауіп жоғары. Себебі күн күрт жылынса, арнасынан асуы мүмкін.  Сондықтан су тасқынын алдын алу үшін жедел әрекет ету тобы құрылды. Оның құрамында құтқарушылардан бөлек Ұлттық ұлан, және полиция қызметкерлері бар. Барлығы 500-ге жуық адам.  

Әділ Спаен, облыстық ТЖД бөлім бастығы:

- Адамдарға жаднамалық нұсқаулар беріп жатыр. Кісі сандарын санап. Қанша адам бар, елді мекендерде, қанша жануар саны бар? Солардың барлығын тіркеп, дайындықты жүргізіп жатырмыз.

- Қай аудандарда қауіп басым?

- Ғабит Мүсірепов, Ақжар ауданы, Тайынша, Мамлют ауданы.   

Биыл қардың құрамындағы ылғал қоры жоғары. Ал жердің тоңы 1,5 метрге дейін қатып қалған. Қазіргі таңда қауіпті аймақтағы  ауылдарда қар шығару жұмыстары жүріп жатыр.

Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков

Сондай-ақ...