Түркістанда 2025 жылға қарай ел тұрғындары түгел таза ауызсу ішетін болады

Үкімет осындай мақсат қойып отыр. Бұл туралы Ұлттық Экономика министрі Түркістан облысының кәсіпкерлерімен кездесуінде мәлімдеді.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, министрліктің алдында тұрған ең маңызды міндет – өңірлерді дамыту, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті дамытып, индустриалдық саясатты күштейту. «Түркістан индустриалды аймағында» өткен басқосуда кәсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген мәселелерді көтерді. Ол: газ, су, электр энергиясының бағасын көтермеу, салық саясатын тұрақтандыру, индустриалды аймақтарды инфрақұрылыммен қамту және кәсіпкерлік нысандарды заңсыз тексеруден қорғау. Сондай-ақ жиында жергілікті жерде өндірілетін құрылыс материалдарының сапасын заман талабына сай арттыру жайы сөз болды. Одан бөлек, мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасына бөлінетін қаражаттың көлемін арттыру, балық шаруашылығын дамыту, шикізатты осында терең өңдеу мәселелері талқыланды. Министр кәсіпкерлердің ұсынысын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Көп мәселелер көтерілді. Оның бәрін біз ашық түрде талқыладық. Кейбір мәселелер жақын арада шешілетін болады. Мысалға Ұлттық экономика министрілігі кәсіпкерлермен бірлесіп, қоғамдықпен, халықпен жаңа салық кодексінің жобасын талқылап жатырмыз. Көп мәселелер, әсіресе НДС, негізгі салықтар бойынша сол жұмыс тобында талқыланып жатыр. Жақынарада біз бірінші жобаны көрсетеміз. Барлық ұсыныстарды жан-жақты қарастырып, заң жобасына енгіземіз.