ШҚО-да 52 жастағы тоқымашы тұрғындарды талантымен тәнті етіп жүр

Шығыс Қазақстанда 52 жастағы ер азамат тоқыма тоқып, тұрғындарды талантымен тәнті етіп жүр.

Бала кезден қолөнерге әуес болған ол мұндай қызығушылығын көпке дейін жұрттан жасырып келіпті. Алайда шын шебердің өнері қазір жұртқа танылды. Александр Гармашовтың бұйымдарына тіпті шет елден тапсырыс беретіндер бар.

Александр Гармашовтың қолынан 5 жасынан бастап біз бен жіп түскен емес. Сондықтан болар тоқуға керек заттың  бәрін жинап жүреді. Арасында темірден  жасап алған ескі біздері де бар. Александар бастапқыда бұл өнерін көпшілікке көрсетуге  қатты қысылыпты. Ал қазір бұйымдары  әлеуметтік желіде танымал. Өнерлі әкеге ұл-қызы қолдау көрсеткен.

Александр Гармашов, Шемонайха қаласының тұрғыны:

- Бұл өнеріңізді әлеуметтік желіге салайық, елге көрсетейік деп ең алдымен қызым ұсыныс жасады. Мен бірден келіскен жоқпын.Өйткені қоғам қалай қабылдар екен, балаларымның бетіне басар ма екен деп жасқандым. Олардың пікірін тыңдап, қолдауын сезген соң ғана әлеуметтік парақшада насихаттауға рұқсат бердім.

Қазір Александрдың өнеріне бәрі сүйсінеді. Ең алдымен әрине қызы Кристина. Сәнді бұйым көрсе болды, тек әкесіне ғана тапсырыс береді. Кардиган, кеудеше, шарф бәрі зауыттан шыққандай ерекше дизайнда.  

Ксения Андронова, А. Гармашовтың қызы:

- Осы киімдерді киіп шықсам болды бәрі қызығып, қайдан алдың деп сұрай кетеді. Ғаламтордан сәнге айналған киім көрсем болды, әкеме айтамын. Тоқып береді.

Үйдегі кішкентайлардың қыстық киімдері де  Александрдың қолынан шыққан.Оның сөзінше, тоқу ауыр ойдан арылтады. Шаршағанды басып,адамды сабырлы болуға үйрететін сиқыры бар деп күледі.Тіпті  кейде математиканы шемішкеше шағуға тура келеді екен. Өйткені тоқыманың бір жібі артық, кем кетпеу керек.

Александр Гармашов, Шемонайха қаласының тұрғыны:

- Мысалы кеудешенің жеңін шығару үшін, бір тоқығанда ілмек санын кемітіп, екіншісінде қосып отыру керек. Әйтпесе олпы-солпы болып дұрыс өнім шықпайды. Ал оның бәрі математика.

Есесіне қолөнершінің әр дүниесі тапсырыс берушіге құйып қойғандай боп шыға келеді. Ешкімде қайталанбайтын ерекше бұйымға қазір Ресейден тіпті Германиядан тапсырыс беріп жатқандар бар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...