Алматыда жасөспірімдерге арналған урбанистика клубы ашылды

Жоба факультативтік негізде жұмыс істейді.

Жасөспірімдер жеті ай бойы тәжірибелі мамандардан дәріс тыңдап, семинарларға қатысады, сондай-ақ өздері зерттеу жүргізеді.

Жәния мен Жібек үшін урбанистика клубы қалаға пайдалы идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін орынға айналды.  Олар Алматының ескерткіштері, инсталляциялары мен қабырға суреттері көрсетілген онлайн карта жасады. Мәдениет нысандарын бассаңыз болды,  карта олардың тарихы туралы мәлімет береді. Қыздар үшін бұл бірінші тәжірибе, сондықтан оларға кәсіби мамандар көмектесті. Картаны әзірлеуге бір апта уақыт кеткен.

 Жібек Байзулина, URBANITARIUM клубының мүшесі:

- Біздің негізгі ойымыз - адамдарға көше өнері туралы, өз аймағында қандай арт-жобалар, инсталляциялар бар екені туралы жеткізу. Мысалы, қабырға суреттері, олардың тарихы қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызық деп ойлаймыз.

Ал Дәулетті қаладағы көлік қозғалысы қатты мазалайды. Бұл - мегаполистің негізгі экологиялық проблемаларының бірі, - дейді жас урбанист. Алдағы уақытта ол көлік кептелісін барынша азайтудың оңтайлы шешімдерін табуды жоспарлап отыр. Айтуынша, жаңа жоба уақытты үнемдеп, қала экономикасын жақсартуға септігін тигізеді. Мақсатына жету үшін тәлімгерлермен бірлесіп, карта құрастыруды қолға алды. 

Дәулет Орман, URBANITARIUM клубының мүшесі:

- Біз ауданымыздың 3D моделін жасадық, бұл белгілі бір аумақтар. Яғни модельде сауда мен бизнесті, автокөлік жолдарын алып тастауға болатын жерлер көрсетілді, орнына жаяу жүргіншілер аллеясын жасауға болады.

Urbanitarium клубындағы жас урбанистердің қызықты идеялары көп. Олардың барлығы креативті және қалалық ортаны жақсартуға бағытталған. Бүгінде клубта елуден астам мектеп оқушысы бар. Өз қаласын сүйетін және оны жақсартуға ниетті кез келген оқушы клубқа мүше бола алады. 

Әсел Есжанова, URBAN FORUM KAZAKHSTAN қоғамдық қорының тең құрылтайшысы:

- Жасөспірімдер мен балалар да қала тұрғыны болып есептеледі. Сондықтан олардың пікіріне құлақ асқан жөн. Сонымен қатар олардың қазірден бастап игі істерге араласып, құндылықтарды бойларына сіңіргендері дұрыс. 

Үйірмедегі сабақтар аптасына бір рет қана өтеді. Бірақ соған қарамастан қатысушылар қазірдің өзінде маңызды зерттеулермен айналысуда. Жасөспірімдер өзендерді зерттеп, судың ластану деңгейін өлшеуді үйренуде.

Гүлжан Көленқызы, Наргиза Такежанова, Сұлтан Бейсекенов