Ақтөбедегі көпсалалы аурухананың травматология бөлімінің мамандары соңғы үш тәулікте 200-ден астам адамға көмек көрсетті.
Оның 80-ге жуығы мұзға тайып, аяқ-қолын сындырғандар. Дәрігерлер күн райының жылуына байланысты жарақат санының да күрт өскендігі байқалады деп отыр.
Ауа райының сан құбылуы ақтөбеліктерді әбден әбігерге салды. Бірнеше күн қатарынан соққан алай-дүлей боранның артынан күн күрт жылып, көшелерді көктайғақ басқан. Сондықтан травмотолог-дәрігерлер реті келсе көшеге шықпаған жөн дейді. Әсіресе егде жастағы жандарға абай болу қажет.
Абзал Қадырбаев, көпсалалы облыстық аурухананың ортопед-травматологы:
- Сәулелі сүйектері сынып келеді, шынтағы сынып келіп жатқан адамдар бар. Иық сүйектері сынады. жабық бас миы жарақатымен келіп жатыр адамдар. 15 науқасты біз ауруханаға жатқыздық. Оның ішінде 13 науқас травмотология бөліміне 2 науқас нейрохирургия бөліміне жатқызылды.
Қала тазалығына жауапты мекемелер тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуге көшкен. 170-ке жуық адам аяқ астындағы мұзды ойып, құм сеуіп жүр. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандардың маңы тазартылады.
Әнуар Жаңбыров, қалалық Алматы ауданының ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Наурыз айында да дәл бүгінгідей ауа-райы сақталады деген болжам бар. Сондықтан екі ауысыммен жұмыс істеуге көшеміз. Жұмысшылары аз мердігер мекемелерге қосымша өзге компаниялардан жұмыс күшін тарттыратын боламыз.
Көктайғақ елді-мекеннен тыс күре жолдарды да кездеседі. Бүгін түс ауғанша облысты кесіп өтетін екі бірдей республикалық трасса жабық болды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков
