Солтүстік Қазақстанда елік атқан күдіктілер ұсталды

Солтүстік Қазақстанда 50-ге жуық сібір елігін заңсыз атып алған күдіктілер ұсталды.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлеріне қала тұрғындарының бірінде тіркелмеген қарудың болуы туралы ақпарат түскен. Жедел әрекет ету шаралары барысында тәртіп сақшылары «Челябі- Новосібір» тас жолы бойынан күдік тудырған "Ваз" автокөлігін тоқтатқан. Ішінде 3 сезікті болды. Темір тұлпарды тінту кезінде оның жүк салғышынан төрт жабайы жануардың еті, аңшы мылтығы және бірнеше оқ-дәрі тәркіленді. Бұдан бөлек қала маңындағы саяжайлардың бірінен осыларға тиесілі тағы 41 еліктің терісі табылды. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Пысықайлар қамауға алынды.

Руслан Назаров, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Петропавлдағы саяжай қоғамдарының біріндегі үйден 2 ұшасы мен 41 елік терісі, 119 тұяқ, 12 жануардың бастары тәркіленді. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Тәркіленген қару мен жануарлардың қалдықтары сараптамаға жіберілді. Күдіктілер Петропавл қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.