Атырау облысында су тасқынына дайындық қарқынды жүріп жатыр.
Былтыр Миялы ауылының тұрғындарын әбігерге салған Ноғайты өзенінің арнасын кеңейтіп, бөгеттер салу бойынша жұмыстар қолға алынған. Жауапты мамандардың сөзінше әзірге су тасқынынан қауіп жоқ. Жайық өзеніндегі су деңгейі де төмен. Дегенмен «2021-2025 жылдарға арналған тасқынның алдын алу және жою жөніндегі» кешенді жоспар бойынша өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерін күрделі жөндеуден өткізу үшін келісімшарт жасалыпты. Қазір әр аудан мен қала басшылығына қардан тазарту жұмыстары бойынша тапсырма берілген. Ауа райының күрт жылынуы салдарынан жиналған қала көшелеріндегі қар суы да шығарылып жатыр. Бүгінге дейін шаһарда 84 мың текше метр қар шығарылып, 9900 текше метр су сорылған.
Бақтыбек Төлегенов, қалалық ТЖБ бастығының міндетін атқарушы:
- Қазір қар мөлшерінің көп түсуіне байланысты, күннің күрт жылуына байланысты қаламыздың көшелерінде су жиналатын орындар қауіп төндіруде. Оған жергілікті атқарушы органдардың тарапынан су сору вакуумдары бөлініп, әрбір орындарға жұмылдырылды. Қазір қалада 24 вакуум жұмыс жасауда және де әр түрлі техникалар қар шығару бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
