Түркістан облысындағы «Шардара» су қоймасы 98% толды

Алып су айдыны кемеріне келіп тұр. Астанада өткен Үкімет отырысында еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Юлин Ильин жағдайдың күрделі екенін жеткізді. Расында Шардара мен Көксарайдан қауіп бар ма? Суға тікелей жауапты Экология және табиғи ресурстар министрлігі не дейді? Жергілікті мамандардың пікірі қандай?

Қазір «Шардара» су қоймасында 5 млрд 100 млн текше метр су жиналған. Негізгі сыйымдылығы – 5 млрд 200 млн текше метр. Мамандар су айдыны 100% толудың алдында тұрғанын айтады. Көксарай су реттегішінің де жағдайы мәз емес. Сондықтан алаңдауға негіз бар.    

Бүгін Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жыл басынан бері Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде күрделі жағдай қалыптасқанын айтты.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Ықтимал су тасқыны кезінде Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінен көп мөлшерде су ағызған жағдайда Түркістан мен Қызылорда облысының аумағын су басу қаупі бар. Себебі дарияның Қызылорда облысы аумағындағы бөлігінде әлі де мұз бар. Ал ол Шардара су қоймасынан дарияға көп су жіберуге кедергі келтіріп, жағдайды күрделендіріп отыр. 

Үкімет отырысына онлайн қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Көксарай су реттегішіндегі жағдайға алаңдайтынын жеткізді. Себебі Шардара толып тұр. Ал одан шыққан су дария арқылы Көксараймен өтеді. Су реттегішінің сыйымдылығы 3 млрд текше метр болғанымен, өткен жылы дамбының техникалық жай-күйін зерттеген мамандар 1,8 млрд текше метрден артық су жинауға болмайтынын анықтаған.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:

- Қазіргі таңда жиналған су көлемі бұл деңгейден 22 млн метр асып отыр. Қазірдің өзінде қорғаныс бөгетіндегі ыза судың шығуы көбейіп, бөгеттің төменгі жағынан судың құммен шығуы байқалып отыр. Осыған орай көктемде ықтимал су тасқынын қабылдау үшін қойманы толтыруды тоқтатып, артық суды босатуды ұсынамыз.

Алайда суға тікелей жауапты еліміздің экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қазір Көксарайға артық су жинауды тоқтатқандарын жеткізді.

Сонымен қатар Шардара су қоймасы өткен жылы ғана күрделі жөндеуден өткендіктен, су айдынының гидротехникалық қауіпсіздігіне алаңдауға еш негіз жоқ екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Сырдарияның төменгі ағысында жиналған мұзды жару жұмыстары жүргізілетін айтты. Егер мұз жарылып, кедергі жойылса, Арал теңізіне қарай жіберілетін судың көлемі артпақ.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Соңғы ақпаратқа сәйкес жоғарыдан, көрші елдерден келетін су көлемі төмендеген. Қазір Сырдарияға секундына 900 текше метр су келіп жатыр. Ал біз Шардарадан 980 текше метр су шығарып жатырмыз. Оның 900 текше метрі Шардара гидростанциясынан және 80 текше метрі Қызылқұм магистралды каналы арқылы түсіріп жатырмыз.

Жиында Үкімет басшысы Әлихан Смайлов Экология және табиғи ресурстар министріне аталған шаруаны пысықтап, жылдам шешім қабылдауды тапсырды.

Алайда министр судан келер қауіп жоқ деп сендіргенімен, мәселе шешілмейінше Сыр бойын мекендеген тұрғындардан маза қашып, түн ұйқысы төрт бөлінері анық. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.