Алматы облысында сейсмикалық жаттығу өтті

Бүгін халықаралық азаматтық қорғаныс күні.

Атаулы күнге орай Алматы облысында сейсмикалық оқу-жаттығу  өтті. Мамандар табиғи апат кезінде тұрғындарға қалай әрекет ету керектігін көрсетіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.

Дабыл дыбысы апаттың болғандығын хабарлайды. Осындай сәтте құтқару қызметі дереу іске кіріседі. Зілзала болған жағдайда ең алдымен жоғары қабаттың тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылуы керек. Сейсмикалық оқу жаттығуда үйінен сыртқа шыға алмай қалған жандар құтқарылды, өрт сөндірушілер арнайы арқанмен тұрғындарды төмен түсірді.   Бұл көрініске куә болған кешен тұрғындары қауіпсіздік ережелерін әрдайым еске салып тұрудың маңыздылығын айтты.

Рыскүл Қоқанбаева, тұрғын:

- Осының барлығы көкейімізде сақтаулы тұрады. Бүгінгі жаттығуда барлық нәрсені көрдім. Доғдырлардың жәрдем беретінін көрдім. Бәрі дұрыс.

Апат айтып келмейді.

«Бірақ үрей мен қорқынышқа бой алдыртпау керек», - дейді мамандар. Себебі ол адамның саналы әрекет жасауын қиындатады. Жаттығу барысында алғашқы медициналық көмек қалай көрсетілетіні, авариялық құтқару әдістері айтылды.

Дидар Асқарбекұлы, Алматы облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

- Лагерь не үшін? Жарақат алған халықты қауіпті аймақтан, қауіпсіз аймаққа шығару барысында жинақтау пункті деп аталады. Былайша толғымен құрып, көрсетіп, не үшін арналған ішіндегі жататын орындарды, алғашқы медициналық көмекті қалай көрсететінін. Одан бөлек халық осындай төтенше жағдайларға әрдайым дайын болу қажет. 

Ауқымды іс-шараға азаматтық қорғаныс пен аудандық төтенже жағдай басқармаларынан 150 қызметкер қатысты. Еріктілер тобы тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратты. Техника көрмесі ұйымдастырылды.

Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев