loader


Кентау қаласындағы жылу орталығы жаңғыртылады

Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығы қайта жаңғыртылады.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған нысанның әбден тозығын жеткен. Ішкі жүйелері жылда ағымдағы жөндеуден өткенімен қазандықтары күрделі жөндеуді қажет етеді. Түркістан облысының прокуроры өңірдегі жылу электр орталығына барып, нысанның техникалық жай-күйімен танысты.

90 жылдық тарихы бар алып кәсіпорын 100 мыңнан аса халқы бар Кентау қаласын жылумен қамтамасыз етеді. Жылу орталығының ұжымымен кездескен облыс прокуроры Марат Әлиханов стратегиялық нысанның жұмысы мен қызметкерлерінің еңбек құқығы үнемі бақылауында екенін жеткізді. Жақында ғана құзырлы органның ықпалымен кәсіпорынның 365 жұмысшы алдындағы 25 млн теңге берешегі өндіріліп берілген. Сондай-ақ жиында әкімдік тарапынан нысанды жаңғыртуға қажарат бөлгізу, еңбекақыны уақтылы төлеу мәселелері талқыланды.

Марат Бақтыбекұлы, облыстық прокуратураның аппарат басшысы:

- Бұл жерде 1-2 мәселе болған проблемалық. Яғни, қазандықтың жұмысы нашарлап, бұл жерде тек біздің тарапымыздан ғана емес, Үкіметтің деңгейінде белгілі проблема болғандықтан біз хат жазып, осыған қаржы бөлу мәселесін қарастыруға ықпал жасадық. Одан бөлек бюджеттен міндетті түрде қаржыландырмаса, өзін-өзі қамтуға мүмкіндіктері жоқ.

Кәсіпорында 8 қазандық бар. Оның 4-уі жылыту маусымында жұмыс істесе, қалғаны резервте тұрады. Алайда барлығы жаңғыртуды қажет етеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың айтуынша, биыл диаметрі 650 мм, ұзындығы 6,6 шақырымды құрайтын жылу жүйесін ауыстыру жоспарлануда. Жоба құны 4,6 млрд теңге. Сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджетке ұсыныс берілген. Одан бөлек...   

Арман Жетпісбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Биылғы жылы осы қазандықтарды күрделі жөндеу емес, қайта құру үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалды. Осы айда экспертизадан өтеміз. Бұған шамамен 8 млрд теңге қаржы қажет. Оны республикалық бюджеттен сұраймыз. Себебі, Екібастұздағы жағдайдан соң, жалпы еліміз бойынша барлық жылу орталықтарына арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл сонда негізгі құбырларды және қазандықтарды жөндесек, қосымша бізде турбогенератор бар соны ауыстырамыз, бұл бірінші кезектегі жұмыстар.

Одан бөлек, өңір басшылары алдағы 2-3 жылда қазандықты табиғи газбен жылытатын жылу электр орталығы салынатынын жеткізді. 50 мегаваттық кешен инвесторлардың көмегімен жүзеге асырылмақ. Жалпы Кентау – өңірдегі моноқаланың бірі. Шахарда 347 көп қабатты тұрғын үй бар. 14 мың абонент орталықтандырылған жылуға қосылған. Сондай-ақ 2 мыңнан астам жеке тұрғын үйлер мен 106 бюджеттік мекеме, 441 коммерциялық нысан осы орталықтан жылу алады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ...