loader


Қостанай облысында суды тазартудың тың әдісі енгізілген

Еліміздегі ең таза ауызсуды Лисаков қаласының тұрғындары тұтынады.

Шағын шаһарда тұщы суды тазартудың тың технологиясы енгізілген. Мұнда тазарту әдісінде бұрынғыдай хлор қолданылмайды. Орнына арнайы реагент пайдаланылады.

Наталья Божко Лисаков қаласының байырғы тұрғыны. Оның айтуынша бұрын ауызсудың сапасы өзгеше болатын. Түсі сары, ал дәмі хлор татитын.     

Наталья Божко, Лисаков қаласының тұрғыны:

- Қазір судың сапасы жоғары. Бұрын үнемі сүзгіден өткізіп, қайнатып ішетінбіз. Қазір краннан ағызып шөлді қандырамыз. Ағзаға қуат беретіндей әсер қалдырады.

Лисаковта бұл су тазарту станциясы жарты ғасыр бұрын тұрғызылған. Былтыр жаңғыртылып, бірсыпыра инновациялық жүйемен жабдықталды. Модульді станция орнатылып, хлордың орнына реагент пайдалану қажеттілігі туды.

Татьяна Голикова, су тазарту станциясының учаске басшысы:

- Күкірт қышқылы мен тұз хлоридінің ерітіндісі химиялық реакцияға түскенде газды хлор және хлор диоксиді пайда болады. Газды хлорды инжектормен сорып аламыз. Сол кезде қолданыстағы ерітінді арқылы су толық тазарады.

Қысқасы реагенттің құрамында адам денсаулығына қауіпті тұз жоқ. Ауыр металдарды, органикалық ластануды тиімді тазартады. Бұл технология Финляндия, Чехияда кең қолданысқа ие. Жүйені орнатуға қала қазынасынан 162 млн теңге бөлінді. Жалпы ескі технологиядан бас тарту құбырлардың пайдалану мерзімін үш есе арттыруға да септігін тигізеді.

Абай Ыбыраев, Лисаков қаласының әкімі:

- Тұрғындар су сапасының жақсарғанын байқады. Адам денсаулығына да пайдасы бар. Реагенттің өзі арзанға түсіп, көп мөлшерде қолданылмайды. Бұның экологияға зияны жоқ.

Ауызсу тазартудың бұл технологиясы республикада алғаш рет пайда болды. Енді қалада тұщы судан бөлек кәріз жүйелерін тазартудың да жаңа  технологиясы енгізілмек. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ...