Биыл қазақ телевизиясына 65 жыл.
1958-ші жылы 8-ші наурыз күні «Қазақстан» телеарнасы Алматы студиясы арқылы алғаш рет бүкіл елге хабар таратты. Бүгін осы мерейлі мерекеге орай елордада салтанатты шара өтті. Жиында ардагер журналистер, дикторлар, режиссерлер мен спорт комментаторлары мерейтойлық медальдармен марапатталып, зор құрметке бөленді. Олар да бір-бірімен жүздесіп, мәре-сәре. Әрі бүгінгі телевизия саласының дамуын көріп, дән риза. Расында, өткен ғасырда небәрі 3 қана камерамен өз жұмысын бастаған қазақ телевизиясы қазір әлем елдерінің телеарналарымен теңесе алатын дәрежеге жетті. Мерекелік шараға келген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- «Сіздерді «Қазақстан» телевизиясының эфирге шығуына 65 жыл толуымен құттықтаймын. Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын ұлттық арна еліміздегі БАҚ ішінде ерекше орын алар медиақұрылым. Бүгінде іргелес мемлекеттерге де таза қазақ тілінде хабар тарататын телеарна ұлттың рухани тұтастығын сақтауға зор үлес қосып отыр. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін. Жақсы жаңалықтарыңыз көп болсын. Қ.Тоқаев».
Ләззат Жолболдина, телевизия ардагері
- Керемет бүгінгі басқосу. Міне, бәрімізді жинап, осындай басқосу жасай беру керек. Бұл, ұрпақтарға сондай тәрбие береді. Қазір міне, барлық студияларға, аппаратныйларға кіріп-шықсақ, технология өте керемет.
