loader


Ақтөбе облысында мал дәрігері жетіспейді

Ақтөбе облысында мал дәрігерлері тапшы. Қазірдің өзінде өңір бойынша 34 маман қажет. Олқылықтың орнын толтыру үшін жауапты мекемелер, тиісті білімі бар азаматтарға жоғары жалақы төлеуге де дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қуаныш Қалыбаевтың ветеринария саласында қызмет етіп жатқанына 30 жылдан асқан. Тәжірибелі маман қазір Ақтөбенің айналасында орналасқан 6 бірдей елді мекеннің малын қарайды. Бүгінде ірі қара мен ұсақ малды және олардың төлдерін аусыл, сарып ауруына қатысты тексеру жүргізеді. Аралайтын үй көп болған соң әріптестерімен бірге таңда жұмысты ерте бастауға мәжбүр.  

Қуаныш Қалыбаев, ветеринария пунктінің меңгерушісі:

- Менің жасым қазір 50-ден асты. Менімен қарайлас осы жұмыс істеп жатқанның көбі. Сосын зейнетке тақалып келіп тұрғандар бар қасымда менің. Ал жастар бұрын іс-тәжірибеге келетін 1-2 айға, қазіргі уақытта іс-тәжірибеге де келмей кетті. Келсін! Айлықтары түзелді, өсіп жатыр. Астарына машина береді, жұмысы енді бұрыңғыдай емес. Қазір жақсы жүріп жатыр.

Саланың жағдайын жақсарту өткен жылдан бері қолға алынған. Бірақ облыс бойынша әлі мал дәрігерлері жетіспейді. Өңірдегі 13 ветеринария станциясы мен 141 пунктте ереже бойынша 700 маман жұмыс істеуі керек. Қазір 34 адамға кем. Мәселенің шешімін табу үшін тиісті басқарма мал дәрігерінің тұрмыстық және қызметтік жағдайын жасауға дайын. Биылдың өзінде ондаған көлік пен маманға қажетті компьютер, планшетпен қамтымақ.

Құсайын Сәрсембай, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күнге біз ветеринария саласына осы қызығушылықты арттырамыз ба деген ой. Бізде ветеринарлық санитар деген бар, сонан кейін ветеринарлық фельдшер деген бар. Осылардың жалақысын биыл басқаларына қарағанда көбірек көтердік. Қазір ветеринарлық санитар 2021 жылы 52 404 теңге алатын болса, қазір 120 500 алады. Біз енді не болса да, ветеринар дәрігерлердің көбірек келгенін қалаймыз. Жан-жақта қандай ветеринар дәрігер бар, соның бәрін іздеп жатырмыз ғой.

Қажетті маман іздеу ауыл шаруашылығы кадрларын дайындайтын елдегі барлық оқу орнында да жүргізіліп жатыр. Тек Ақтөбедегі колледжді биыл тәмамдайтын түлектердің барлығын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Алайда мұндағы шәкірттердің бірқатары оқу орнының серіктестері мен өзге де шаруашылықтарға бағытталмақ. Себебі кейбірінің білім алу ақысын сол ұйымдар жүргізіп, өздеріне қажетті мамандарды дайындауға күш салған.

Дәуренбек Қуанов, Ш. Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылық колледжі директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда, мысалыға, диплом алатын кезде «ашық есік» күндері болады. Жалпы, барлық мамандықтарға келіп, осы жерден өздеріне керек маман иелерімен сөйлесіп, әрі қарай жұмыс істеп жатқан шаруашылықтар да өте көп. Қазірге таңда, міне, жұмыспен қамту, яғни бітірген оқушылар 100% деп айтуға болады. 

Жауаптылар саладағы маман тапшылығын биыл жоймақ ниетте. Бұл үшін өзге де өңірлерден мал дәрігерлерін шақырту қолға алынбақшы.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.

Сондай-ақ...