Индер ауданының Көктоғай ауылы көпке үлгі

Атырау облысындағы Индер ауданының Көктоғай ауылы көпке үлгі.

2700-ден астам тұрғыны бар елді мекен толықтай ауыз сумен қамтылған. Ауыл ішілік жолдар асфальтталған. Ал жастар кәсіппен айналысуға бет бұрып жатыр.

Мына ұядай жерде Нұрлыбек Байқуатов 2021 жылы қаладан 30 бөдене әкеліп баптаған. Қазір бөдене басын 600-ге дейін көбейтіпті. Айына 2500 жұмыртқаға тапсырыс түседі. Енді мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін одан әрі жандандыруды жоспарлап отыр.

Нұрлыбек Байқуатов, кәсіпкер:

- Үкімет жағынан қазір қолдаулар өте көп. Қолдап жатыр. Соның бірі – грант деген мәселе бар. Соған бұйырса қатысамыз деген ойдамыз. 1 млн 380 мыңды алсақ, орынжайымызды ұзартып салуымыз керек. Ұзындығы 10 метр, ені 5 метр шамасында болса, соған 2 мың ішіне сыйғызамыз деген ойдамыз.

Көктоғайда көпте жоқ құрылғы бар. Батыржан Наурызбеков 2021 жылы мемлекеттік гранттың арқасында Түркиядан кілем жуатын құрылғы алған. Қазір Индер мен Махамбет аудандарын аралап жүріп, тапсырыс қабылдайды. Оған қоса ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып отыр. Қазір 5 адам қызмет атқарады.

Батыржан Наурызбеков, кәсіпкер:

- 2021 жылы осы үлкен құрылғыны алар уақытта мемлекет тарапынан 5 млн теңге болатын қайтарымсыз грантқа қатысып, соның 3 млн теңгесін ұтқан болатынбыз. Сондай мемлекет тарапынан көмек болды. Сонымен қатар сол грантта көрсетілгендей, жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында ауылдың адамдарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз.

Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Асыл тұқымды «Көшім» жылқысын өсіруді де шаруалар қолға алған. Дегенмен жастар шағын және орта кәсіппен айналысуға көп көңіл бөліп отыр.

Мәмбетқали Құсайынов, Көктоғай ауылының әкімі:

- Көрсетіліп тұрған қолдаудан жалпы құр емес ауылдың кәсіпкерлері. Гранттар алып жатыр. Сосын «Аграрлық несие» корпорациясынан да несиелерін алып тұр мүліктерін қойып. Жылына 4 адам, 5 адам, кей жылдары одан да көп несиелерін алып, жұмыстарын жасап отыр.

Ауыл тұрғындарының қалаға көшкісі жоқ. Жастар мемлекеттен қолдау көп болса, ауылды көркейтуге атсалысатындарын айтады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин