Ақтөбе облысында онкологиялық ауруларды ерте анықтау көрсеткіші 8%-ке жоғарылады. Бұл тұрғындардың өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарауы және диагностикалық шаралардың көмегі, - дейді мамандар. Әсіресе жұрттың скринингтік бақылаудан өтуге ықыластығы көп септігін тигізген, деп хабарлайды «Хабар 24».
69 жастағы Любовь Мамедованың ем қабылдап жатқанына бірнеше ай болған. Ауруханаға асқазан ауруынан соң түсіпті. Дәрігерлердің тексеруі обыр белгісінің барын анықтаған. Нәтижесінде зейнеткерге ота жасалған. Қазір жағдайы тәуір. Енді бірер күнен соң үйіне жіберілмек.
Любовь Мамедова, емделуші:
- Ота жасау 7 сағатқа созылды. Нәтижесі жаман емес. Қазір жақсарып келемін. Мұндай абыройлы істі атқарып жүрген хирургтерге алғысым шексіз. Олардың тәжірибесі мол екені көрініп тұр.
Бұл диспансер 450 адамға арналған. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта қатерлі дертке шалдығушылар көбейген. Жалпы, облыс бойынша 3 мыңға жуық азамат есепте тұр. Бұдан бөлек, мұнда көрші өңірлерден де келіп ем алып тұрады.
Азамат Жарылғапов, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті онкология кафедрасының ассистенті:
- Біздің облыс бойынша ең жиі кездесетін онкологиялық дерт бұл асқазан обыры болып табылады. Одан кейін әйелдерде кездесетін бұл – сүт безі обыры, үшінші орын – өкпе обыры. Бізде өсіп тұр. Біріншіден, бұл халықтың санының өсуіне байланысты. Екіншіден, қазіргі кезде диагностикалық шаралардың кеңеюіне байланысты.
Мамандар дерт түрлерінің «жасарып» келе жатқанын айтып, алаңдаушылық білдіріп жатыр. Мәселен, бұрын скринингтік тексерулерге 40 жастағылардан бастап шақырылатын болса, қазір 30-дағы азаматтар да қаралуы тиіс. Сондықтан уақыт созбай және дәрігерлерден қоңырау күтпей, емханаға барып тексерілген дұрыс дейді. Себебі ерте анықталған дертті емдеу де оңайға соқпақ.
Санқатша Тәжібекова, отбасылық медицина емханасының дәрігері:
- Бұрын скринингті қан-тамырлары аурулары, глоукома, қант диабетіне 40 жастан 70 жас арасында шақыратын болсақ, қазір 30 жас бен 30 жас арасында шақырамыз. Оған учаскелік қызмет жоспар бойынша адамдарды шақырады.
Емханаларға өз еркімен келіп, толық тексеруден өтушілердің де саны жыл өткен сайын артып келеді. Медицина қызметкерлері ондай азаматтардың көпке үлгілі болуға лайық дейді.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.
