loader


Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан туралы кинотуынды жарыққа шықты

5 наурыз – ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні. Алаш көшбасшысының дүниеге келгеніне биыл – 157 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақтың жоқшысы заманында ақпен де, қызылмен де тайталасты. Алашорда үкіметін құрды. Арманда кетсе де, ұлтының болашағына сенді. Сол ұлт жоқшысының еңбегін, ісін зерттеп кейінгіге жеткізіп жүргендер көп. Солардың бірі Әлиханның шырақшысы атанған – Тұңғышбай ақсақал. Бүгін «Әлихан Бөкейхан – ұлт азаттық күрескері» атты танымдық-деректі фильмін көрермен назарына ұсынды.  

Фильм ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қайсар мінезді қайраткерлігін, осы жолда көрген қиындықтарын, күресін нақты дәлелдермен көрсеткен. Өлкетанушы әрі туынды авторы Тұңғышбай Мұқанның айтуынша, бұл туындының ерекшелігі, Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарының тірі кезінде өз ауыздарынан жазылған деректерден құралған.

Тұңғышбай Мұқан, фильм авторы, өлкетанушы:

- Мәселен, фильмде Әлиханның туған немересі Евгений, туған шөбересі Петр бар. Міржақыптың қызы Гүлнәр, Жүсіпбектің қызы Муза сол конференцияға қатысқан. Сол сияқты Ермеков Әлімханның баласы Мағауия және, ең бастысы, мынау Бөкейхановтар әулетінің, соның ішінде Әлиханның өзімен бірге інісі, бауыры Смаханның 2 бірдей баласы Балабаршын мен Айсәуле түскен. Қазірдің олардың бәрі де өмірде жоқ.

Әлихан Бөкейхан ХХ ғасырдың басында патша үкіметінің қазақ жеріне жіберген экспедициялардың құрамында жүріп, көп жағдайға қанықты. Сондағы шолғыншылардың мақсатын түсінді. 1-ші мемелкеттік думаға депутат болып та сайланды. Бірақ патша шабармандары қудалап, дума жұмысына қатыс алмады. Дегенмен түбінде Алашорда үкіметінің негізін қалады. Ұлт көсемі қазақтың білімді, білікті қайрактерлерін жанына топтастыра алды.

Тұрсын Жұртпай, алаштанушы-ғалым:

- Әлекеңнің мынау туған күні. Егер теңестіріп айтсақ, мынау көктемдегі жауқазындар бүр жарып, жер жібіп, дүние көгеріп, жасара бастағанда туған Әлекең осы бір қазақ үшін тоң қатқан жүрегінің жылытып, гүлдендіру үшін жіберген бір перзенті сияқты. Менің ойымша, біртұтас Алаш идеясы қазақ елін түрлендіреді, сілкіндіреді, біріктіреді, және ұйымшыл ұлтқа айналдырады деп ойлаймын.

Әлихан Бөкейхан – ХХ ғасырдың басындағы нарықтық экономиканы терең түсіне білген бірден-бір экономист ғалым. Ұлт көсемінің қазақ елін гүлдендіру үшін қамтымаған тақырыбы жоқ. Ол қазақтың педагогикасы мен психологиясын, салт-дәстүрін ұстана отырып, Еуропаны қуып жету керек деген идеологияны ұстанды. Оған қалай жету керектігін де көрсетті. Тек аумалы-төкпелі заманда жазықсыз қудаланып, 37-нің қыркүйегінде Мәскеудің Бутырка түрмесінде атылды. Сол тұста қазақтың өзге де жоқшыларына атылған оқ Алаш идеясының да тамырын үзді.

Авторлары: Ерлан Шаншархан, Руслан Алиев.

Сондай-ақ...