Степногорск қаласындағы зауыт пестицидтің 50-ден астам түрін шығарады

Степногорск қаласындағы «АстанаНан Кемикалс» зауыты пестицидтің 50-ден астам түрін шығарады. Тек өткен жылдың өзінде кәсіпорын 41 млрд теңге болатын 7 мың тонна агрохимиялық өнім өндірген. Бүгінде компания ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Зауыт әлемдік стандарттарға сай және экологиялық, өндірістік және санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормасын ескере отырып салынған.

Астана-Нан Chemicals – жетекші отандық кәсіпорын. Бұлай айтуға толық негіз бар. Себебі елімізде 2 зауыт қана агрохимиялық өнім дайындайды. Қуаттылығы жағынан осы кәсіпорын көш бастап тұр. Зауыттағы қондырғылардың бәрі автоматтандырыллған. Бір ерекшелігі, компания өз өнімін сатып қана қоймай, оны әрі қарай өндірісте қолдануға көмекте береді.

Талғат Уәли, «Астана-Нан Chemicals» зауытының директоры:

- Біздің қызметкерлер арнайы шығып, ерітінділердің қалай дайындалатынын көрсетеді. Яғни, әр өнімнің өзіндік қолдану тәсілі бар. Пайдалану уақыты да есептеледі. Сондай-ақ өнімді жылы жерде сақтау керек. Яғни, біздің тауарды алған кез келген фермер өзіне қажетті өнімді алып, қалғанын осында сақтауға құқылы.

Зауыттағы технологиялық әр жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіледі. Яғни, қолданылатын шикізаттан бастап барлығы сараптамалық және зертханалық бақылаудан өтеді. Осы мақсатта зауыт базасында аккредитацияланған халықаралық өндірістік-ғылыми зертхана жұмыс істейді.

Марина Сисенко, «Астана-Нан Chemicals» зауыты директорының орынбасары:

- Зертхана шикізатты және кіретін барлық компоненттерді қатаң бақылайды. Біз тіпті канистрлерді де тексеріп, талдаймыз. Бұл жерде өнімнің зертханалық үлгісі дайындалады. Әр жұмыс бас технологтың нұсқауы бойынша жасалады. Зертханадан тексерілгеннен кейін ғана өнім цехқа өндіріске жіберіледі.

Соңғы жылдары кәсіпорын сырттан келетін шикізат өнімінің үлесін азайтқан. Себебі химиялық қоспалар мен сұйықтық құятын құтыларын өздері дайындайды. Бұл өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді, - дейді сала мамандары. Жалпы, сұраныс болса, кәсіпорын жылына 50 млн литр пестицид шығаруға қауқарлы. Осылайша, олар Қазақстандағы ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге ниетті.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко.