Қазақ армиясында 7 мың 500-ге жуық қыз-келіншек қызмет етеді

Ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі таңда қазақ армиясының қатарында 7 мың 500-ге жуық қыз-келіншек қызмет етеді.

Олар қиын жұмыстың қыр-сырын әбден меңгергені сонша ерлерден артық істемесе кем түспейді. Соның ішінде жеті қат көктен параштютпен секіріп, іздестіру-құтқару жұмысына қатысатын да арулар.

Гүлім Ермағанбетова осыдан он жыл бұрын Астанаға Торғай даласынан, арман қуып келген. Негізі тарих және география пәні мұғалімі. Бас қалаға табан тірегенде мұғалімдік жұмыс табылмай, бала күтуші болады. Алайда асқақ арманы оны тар бөлмеде байлап қалған жоқ. Еркіндікті, көкжиекті көксеген қыз арманына жетіп, қазір  қарулы күштер қатарында қызмет етіп жүр. Бүгінде көктен 80 мәрте секіріп, шеберлігін паш еткен. Бірақ, алғаш рет 800 метрден секірген сәті мәңгі жадында сақталыпты.

Гүлім Ермағамбетова, парашюттік-мүлік қоймасының басшысы:

 - Алғаш секіргенде қалай батыр болып кеттім, қалай бардым вертолетқа деп таңқаламын да, соған жетелеген мені арманым болып тұр ғой. Негізі өз міндетіңді жақсы білсең қиын емес, өзіме ұнайды. Осыдан зейнетке шығамын. Ештеңеге айырбастамайтын еді.

Римма Рамазанова болса 3 баланың анасы. Осыған қарамастан мыңдаған метр биік ұшқан тікұшақтан секіргенде жерге қырандай төніп, діттеген жерге қонады. Осы қабілетінің арқасында ол тек ел ішінде емес, халықаралық жарыстарда топ жарған. Өз ісін жан-тәнімен сүйетін ол тіпті өмірлік жолдасын да осы саладан тауыпты. Күйеуі  Азамат Әбдірайымов әскери бөлімнің іздеу-құтқару және парашют- десант қызметінің басшысы. Бірақ Римма Азаматтан бұрын аспан әлемімен таныс болған.

Римма Рамазанова, кіші сержант:

- Мен алғаш 2005-ші жылы 14 жасымда парашютпен секірдім. Ал, әскер қатарына 2008-ші жылы шақыртылдым. Осы салада 15 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Негізі туысқан апайым мені осы жолға жетелеген. Ол да аспанды бағындырған адуынды келіншек болатын. Соның ізін басып мен де келдім.

Әскери әуе күштеріне қарасты базалар біздің елдің басым бөлігінде бар. Әр-бірінде кемі 200-дей ұшқыш дайындалады. Олардың қабілетті һәм бәсекеге сай болуы стратегиялық тұрғыда аса маңызды. Ер азамат үшін бұл әскер қатарындағы элиталық бөлімдердің бірі. Ал осыны арулардың игеруі тіптен мақтауға лайық. 

Азамат Әбдірайымов, Іздеу-құтқару және парашют-десант қызметінің басшысы:

- Әйелдер ер азаматтармен иық тіресе, құтқару-іздестіру жұмыстапрын жүргізеді. Олар қандай  қиындық болса да, отқа да суға да түсуге дайын.

Елдегі әскерилердің 12 проценті әйелдер. Ресми ақпарат бойынша армия қатарындағы қыз-келіншектердің орта жасы – 35 жас. Олар ер азаматтармен иін тіресіп жұмыс істейді. Нәзік жандылар қатарынан екені тек  8-ші наурыз күні еленеді. Себебі осы күні ғана әріптестерінен мерекелік гүл шоқтары мен сый-сияпат алып, марқайып қалатыны бар.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Виктор Поляный