Елімізде ғылым саласында қанша ару еңбек етіп жүргенін білесіз бе? Медицина, ауыл шаруашылығы, білім, өнеркәсіп, тіпті генетика сияқты күрделі салаларда аянбай тер төгіп жүргендер бар.
Қазақстан бойынша осындай 9,5 мыңнан астам қыз-келіншек жұмыс істейді. Ендеше жаңалық ашып ғылымға үлес қосқан үздік деген бес арумен таныс болыңыз.
Шұға Манабаева ғылымда 40 жыл тәжірибесі бар ғалым. Ол ерекше картоп сұрпын түтікшеде өсіріп шығарған. Көкөністің геномдарын зерттеп крахмалдың бөліну формуласын тапқан. Картоптың бұл түріне зиянкестер түспейді. Жәндіктер жемейді. Бұл дихандардың ұзақ жылдан бергі проблемасын түбегейлі шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Шұға Манабаева, жоба авторы:
- Көктемге дейін сақталған картопты пісіріп көрсең тәтті дәм шығып тұрады. Яғни бойына қант жинайды. Бұл көкөністің дәмін ғана бүлдіріп қоймайды. Оны қайнатып немесе қуырған кезде одан концерогенді зиянды зат акриламид бөлінеді. Ол адам денсаулығына өте зиян. Ал біз шығарған картоп ұзақ уақытқа шыдайды әрі бойына қант жинамайды.
Биотехнолог Алмагүл Кәкімжанова жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді сақтап ғана қоймай, оны көбейтуге де күш салып жүр. Оның зертханасында қызыл кітапқа тіркелген талай өсімдікті кездестіруге болады. Қазір сирек кездесетін Сиверс алмасын күтіп баптап жатыр.
Алмагүл Кәкімжанова, жоба авторы:
- Нәтиже жаман емес. Сиверс алмасының алғашқы легі Астанадағы ботникалық баққа жіберіліп қазір сол жерде өсіп тұр. Биотехникалық әдістерді пайдалана отырып түрлі зиянды бактериялар мен вирустарға төтеп беретін сұрыптарды шығара аламыз. Сондай-ақ, өзіміздің апорт алмасын да сақтап қалуға болады.
Бәлла Өмірәлиева өмірін тоқыма өндірісіне арнаған жан. Ол осы салада жүріп 150-ден астам ғылыми жұмыс әзірлеген. Оның кейінгі жаңалығы отандық жеңіл өнеркәсіптегі шикізат тәуелділігін шешуге мүмкіндік береді. Ғалым әйел тігін фабрикаларынан қалған қалдықтарды өңдеу технологиясын ойлап шығарды. Бұл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңалық.
Бэлла Өмірәлиева, жоба авторы:
- Текстильді материалдардың қалдықтарын ашу кезінде өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде құрамында жүн мен мақтасы бар талшықты масса аламыз. Одан түрлі мақсаттағы маталар жасауға болады. Сондай-ақ, техникалық трикотаж өнімдері шығарылады. Бұл жоба Қытай, Қырғыз, Ресей елдеріне импорт тәуелділігін төмендетеді.
Келіс кейіпкер Толғанай Ерболат. Бұл ару адамды толдырмайтын бутерброд әзірлеудің құпиясын біледі. Ол холестерині аз, денсаулыққа пайдалы ерекше май жасап шығарды. Қазір жобасын коммерцияландыру үшін ғылыми қордан қолдау күтіп отыр. Ғалым азық-түлік өнімдеріне қатысты 3 жоба дайындаған. Сондай-ақ, қазақстандық нәзік жандырлар жаңа туған нәрестенің кіндігінен алынған жасушаны қолдану арқылы тірек-қимыл аппараты мен жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу жолын тапты.
Әсия Нуркина, жоба авторы:
- Бұл жаңалықты өткен жылы шығарғанбыз. Жаңа туған нәрестенің кіндігінен алғаш рет бағаналы жасуша алынды. Бұл қазақстандық медицина үшін үлкен серпіліс. Мұндай ғылыми жолмен келешекте медицинада адам тамырын қалыпқа келтіріп қана қоймай, жетілмей қалған сүйек пен зақымданған шеміршекті өсіруге болады.
Міне бұл ғылымдағы мыңдаған арудың бесеуі ғана. Біздің қыз-келіншектер жаратылыстану ғылымдары, медицина, ауыл шаруашылығы сияқты сан түрлі салада табысты еңбектеніп жүр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Виктор Полянный
