loader


Қызылорда облысында ел қалқаны болған арулар марапатталды

Қызылорда облысының Полиция департаментінде күрестің он шақты түрін меңгерген палуан қыз қызмет етеді.

Жастайынан дзюдомен шұғылданған ару самбо, белбеу күресімен де машықтанып, қазір сегіз бұрышты рингте күш сынастыратын панкратионға шығып жүр. 24 жасқа енді толатын Ғайни Нұрмахан арнайы жасақ құрамында ерлермен иық тірестіре әрдайым алғы шептен көрінеді.

Осы аяқтан шалу әдісі Ғайниға әлем чемпионатына жолдама сыйлады. Алдағы маусым айында бұрымды батыр қоян-қолтық ұрыстан дүниежүзілік біріншілікте ел намысын қорғайтын болады. Енді Ғайни, осы әдістерді спорттық жарыстардан бөлек қызмет барысында қолданған сәттер болды ма? 

Ғайни Нұрмахан, арнайы жасақ жауынгері:

- Жоқ, бұл әдістерді әлі өмірде қолданған жоқпын. Спортта ғана қолданамын деп үміттенемін. Алдағы уақытта әлем чемпионатында топ жарсам деген үмітім бар. Өте қызу дайындықтамыз қазір. Алда спорттық жиындар болады. Қызылорданың ғана емес бүкіл Қазақстанның атын шығару, ата-анамның, басшы құрамның абыройын көкке көтеріп, бізді айтқан кезде басын тік жүретіндей қыламын. Әлем чемпионатында Қазақстанның туын көкке көтеремін деп үміттенемін.

Жалпы арнайы жасақ құрамында тағы 10 бұрымды ару қызмет етеді. Барлығы сайдың тасындай іріктелген спорт шеберлері. Ішінде ең жасы – осы Ғайни. 53 келі салмақта өнер көрсететін өрімдей қыз көктемнің сәулелі мерекесінде марапат төрінен көрініп, сырбойылықтардың құрметіне бөленді.

Облыстық полиция департаментінде қызмет тізгінін берік ұстаумен қатар шаңырақ берекесін кіргізіп отырған 300-ден астам қыз-келіншек жұмыс істейді. Жауапты да күрделі салада еселі еңбегімен көзге түскен әйелдер қауымының құшағы бүгінгі шұғылалы мерекеде гүлге толды.    

Сәкен Бөрібаев, облыстық ПД кадр саясаты басқармасының бастығы:

- Ішкі істер органдарынан шыққан зейнеткерлеріміз марапатталды және офицердің анасы төсбелгісімен марапатталған қызметкерлердің ата-анасы бар. Сонымен қатар ішкі істер министрлігі және департамент бастығының құзырымен 300-ге жуық әріптестеріміз марапатталды. Оның ішінде барлық әйел қызметкерлерге ақшалай сыйақы берілді.

Сырбойылық әйел полицейлердің арасында құралайды көзге атқан мергендер де баршылық. Соның бірі - қазалылық Махаббат Бегалиева. Тапаншадан оқу ату бойынша облыс чемпионы атанған майор 25 мыңдай жасөспірімнің тәртібіне жауапты.  

Махаббат Бегалиева, Қазалы АПБ аға инспекторы:

- Әйел заты болсам да ең басты мақсатым қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтар мен кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау болып саналады. Сондықтан да ерлермен иық тіресіп қызмет атқарып келемін. Өйткені ол менің міндетім. Өз қызметімді адал, жауапкершілікпен атқаруға тиіспін. Форма кигеннен кейін халықтың қорғаны, мықты сақшы болуға бейімделдім. Қызметім қаттылық пен ермінезділікті талап етеді. 

Отбасы ұйытқысы, сұлулық нышаны ғана емес ел қорғаны бола білген рухты арулардың саны тәртіп сақшыларының жеке құрам сапында арта бермек.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Сондай-ақ...