loader


Елде 4,5 млн-ға жуық әйел жұмыс істейді

Елде 10 млн-нан астамы – әйел-аналар. 6 млн-ы қалада, 4 млн-ға жуығы ауылда тұрады. Олардың орташа жасы шамамен 34-те. Орташа өмір сүру ұзақтығы – 78 жыл. Мамандар бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келе жатқанын айтады. Іскер әйелдердің саны да көбейе түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде 4,5 млн-ға жуық әйел жұмыс істейді. Бұл – еңбек нарығындағы қызметкерлердің 48%-і. Қыз-келіншектер негізінен білім, сауда, денсаулық сақтау және ауылшаруашылық салаларында еңбек етеді. Кәсіпкер әйелдер де көбейген. Былтыр 80 мыңға жуығы бизнес курсын оқып, 13 мыңдайы грант алды. Бірақ жауаптылар әйелдер арасында жұмыссыздық әлі де өзекті дейді. Тіпті еңбек нарығына енді қосылатын жастардың көптігінен мәселе одан әрі де шешімін таппауы мүмкін.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында әйелдерді нәтижелі жұмысқа тұрғызу белсенді жүріп жатыр. Былтыр өңірлерде 536 мың бұрымды жұмысқа тартылды. Бұл жалпы жұмысқа тартылған азаматтардың 55%-іне пара-пар. Ал биылғы жылдың бастапқы 2 айында бұл көрсеткіш 92 мыңнан асты. Бұл ретте жастарға баса назар аударылып отыр. Былтыр оқуын жаңадан бітірген 30 мыңға жуық жас қыз мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жіберіліп, алғашқы жұмыс орнын тапты.

Елде бала туу жасындағы 4 миллионнан астам әйел бар. Оларды материалдық жағынан қолдау, денсаулығын сақтау ұлт болашағы үшін маңызды. Биыл ана мен баланы қолдау шараларымен 2 млн отбасы қамтылады. Тағы 258 мыңнан астам ана әлеуметтік төлем алады.

Ал дәрігерлерді әйелдердің денсаулығы алаңдатады. Елде бұрымдылар арасындағы аурушаңдық 4%-ке өскен. Әсіресе тыныс алу, жыныс, қан айналымы дертіне шалдығатындар көп. Қазір 3 млн-ға жуық әйел мамандардың бақылауында.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- 2021 жылы әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа жетті. Әйелдер ерлерге қарғанда 7,7 жасқа ұзақ өмір сүреді. 2022 жылдың қортындысы бойынша орташа жастың өскенін айта кеткен жөн. Әйелдер ерлерге қарағанда жиі ауырады. Медициналық қызметті көбірек пайдаланады. Жыл сайын 400 мыңнан аса әйел босанады. Жүкті әйелдердің 99%-і медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында болады.

Сарапшылар гендерлік теңдік жағдайында Қазақстан оң бағытта келе жатқанын айтады. Алдағы 8 жылдың ішінде орташа жалақыдағы алшақтықты 21%-ға дейін қысқарту, сондай-ақ билік органдарындағы басшылық қызметтегі әйелдердің үлесін 30%-ке дейін жеткізу жоспары бар.

Авторы: Бекзат Аманов.

Сондай-ақ...