Ақтөбе облысында топан суға қатысты жағдай тұрақталды

Соңғы екі тәулікте Ақтөбе көшелерінен 17 мың текше метр  қар суы сорғызылды. 

2 шақырымнан астам арық тазартылды. Облыс орталығында 14 мердігердің  243 арнайы техникасы жұмыс істеп жатыр. Қалада қазір жағдай тұрақты. Өңір басшысы Ералы Тоғжанов төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен бірге, су басу қауіпі бар аудандарды аралап, суқоймаларды көктен бақылап қайтты. Тұрғындарды алаңдатып отырған Жіңішке өзені мен, Көл-табан бөгетіндегі ахуалмен танысты. Күн күрт жылығанымен, әзірге сең жүре қоймаған. Сазды мен Тамды өзендері де қатып жатыр. Тек Ойылдың аң-ғарына қар суы құйылып жатыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай Байғанин ауданындағы Қарауылкелді-Оймауыт автожолының 63-шақырымда жол шайылып, үш ауылмен байланыс үзілген болатын. Құтқарушылар елдімекен тұрғындары, қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектен тарығып қалмайды дейді.

Құмар Тұрмағамбетов, облыстық ТЖД Басқарма басшысы:

- Сағыз өзенінің деңгейі түскеннен кейін қалпына келтірілетін болады жол қызметтерімен. Облыс бойынша бүгінгі күнге жағдай тұрақты. Ауа райына байланысты қазір өздеріңіз көріп отырсыздар түнгі температура минус болып тұр. Осыған байланысты қазір барлық жерде жағдай қалыпты.