Сырқаттанған сотталушыға қатысты жаза тағайындау кейінге қалдырылуы мүмкін.
Қазір істі болған азамат қатты ауырып қалса, соттың шешімімен жазасын кейін өтеуіне мүмкіндігі бар. Мұндайда ол азаматтық мекемеде ем алады. Жазылған соң абақтыға қайта оралады. Енді осы мүмкіндікті жазаны тағайындау барысында да қолдану ұсынылып отыр. Сондай-ақ, сотталған әйелге баласы 4 жасқа толғанша, бірге болуға рұқсат беру керек деген ұсыныс айтылды. "Бұл әлеуметтік байланысты нығайту үшін қажет", - деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов. Бірақ ол үшін жазасын өтеу мерзімі бір жылдан аз болуы тиіс. Қазір әйелдердің баласын 3 жасқа толғанға дейін көріп тұруына мүмкіндігі бар. Сәбилер түрме аумағындағы мекемеде тәрбиеленеді.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Егер адам шынымен де дауасыз дертке шалдықса, осындай санатқа сот шешімімен ғана енгізілетін болады. Тағы қайталап айтамын, ол жазадан босатылмайды. Тек бас бостандығынан айыру орнынан ауруханаға жеткізіледі.
