Еліміздің таулы аймақтарында қар көшу қаупі сейілмей тұр.
«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, республика бойынша өткен екі аптада бір жылдық қар көшкінінің 85 пайызы тіркелген. Қардың сырғуы көбінесе күндізгі уақытта, түстен кейін болады екен. Мысалы, жыл басынан бері Алматы маңындағы тауларда 37 рет көшкін болып, 34 мың текше метрден астам қар түсіпті. Осыған байланысты тауларға көтерілетін автокөлік және жаяу жүргінші жолдарына блок-бекеттер қойылды. Қар да өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп жауған. Оған қоса, ақ ұлпа ауа райының жылынуына байланысты бусанып, дымқылданып тұр. Жыл басынан бері халықтың, автожолдардың және тау шаңғысы базаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4 профилактикалық қар көшкіні жүргізілді. Мамандар тұрғындарға сақ болуға шақырды.
Қайрат Бекенов, ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ басшысы:
- Қар қазір салмағы ауыр. Екіншіден, тауға шығатын туристер ықпал жасауы мүмкін, жануарлар болуы мүмкін. Болмаса 1-2 балдық жер сілкінісі де сол қауіпті жағдайды тудыруы мүмкін. Біздің жұмысымыздың үлкен бағыты ең қауіпті жағдайды бекітіп, халықтың жүретін нүктелерін бекітіп, соны толығымен жауып тастау керек.
