Семейде жылдағы дәстүрмен «Әйелдерге арналған бұйымдар» көрмесі ашылды.
Биылғы ерекшелігі, 2 ғасыр бұрын қыз-келіншектер қолданған заттар көрермен назарына ұсынылды. Сол кезеңде ақсүйектер киген бас киімдер, қолғаптар, қол сөмкелері мен әсемдік бұйымдары көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе, Ертіс өңірінде 1800 жыл бұрын өмір сүрген әйелдің қоладан жасалған айнасы мен жиһаз түрлерін тамашалағандар көп болды. Кеңес дәуірінен қалған әтірлер мен әшекейлер де көптің таңданысын тудырды. Танымдық көрме Федор Достоевский атындағы музейде өтіп жатыр.
Алла Белякина, Ф.Достоевский атындағы музей қызметкері:
- Жазушы Федор Достоевский үйленерден 1,5 ай бұрын Петербургте тұратын ағасына хат жазып, қалыңдығына сыйлық жасауына қажет заттарды беріп жіберуін өтінген. Ағайынды жігіттердің бірге әзірлеген тартуы сұлу әйелдің көңілінен шыққан екен. Сол себепті өткен ғасырда қыз-келіншектерді қуантқан әсемдік бұйымдарды осы көрмеге қоюды ұйғардық.
