Ұлыстың ұлы күніне арналған негізгі іс-шаралар 11 наурыздан басталады. Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында облыстық Мәденит басқармасының басшысы мәлімдеді.
Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, алдымен өңірдегі барлық ауыл мен аулалар тазартылып, ағаш егіледі. «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен зиялы қауым өкілдері, өнер және спорт майталмандары арасында облыстық челленж ұйымдастырылады. Керуен сарайы аумағында жалпыұлттық жүгіру марафоны өткізіледі.
Сондай-ақ Наурыз мерекесіне орай облыста туристік маусым ашылады. Бұдан бөлек, мереке күндері этномәдени бірлестіктердің қатысуымен концерттік бағдарламалар, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмесі өтеді деп жоспарланып отыр. «Қош келдің - әз Наурыз!» мерекелік іс-шарасы 21 наурызға жоспарланған. Қазан-қазан көже пісіріліп, көл-көсір дастархан жайылады деп күтілуде.
Әзімхан Қойлыбаев, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы:
- 22 наурыз күні «Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз» Түркістан қаласы мен барлық аудан, қалалардағы орталық алаңдар мен саябақтарда, жоғарғы оқу орындарында мерекелік іс-шаралар, көпшілік серуендер, көрмелер, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылады. 23 наруыз күні Наурыз – мейірімділік мерекесі. «Аға ұрпақты қастерлейік» акциясы өткізіледі.
