Үкімет басшысы сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құрылыстағы бақылау шараларын күшейтуді тапсырды.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, Түркия мен Сирияда болған табиғи апаттар біздің еліміз үшін, әсіресе Алматы үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Соңғы рет қаладағы нысандарды паспорттау 2017 және 2018 жылдары жүргізілген. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігі бірлесіп, қысқа мерзімде аудит өткізіп, сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі пәрменді шараларды іске асыруы керек. Сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту мәселесіне Әлихан Смайылов Алматыны одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі кеңесте назар аударды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бұл мәселелерде әлемдік тәжірибені тек Алматыда ғана емес, еліміздің жер сілкінісіне ұшырауы ықтимал басқа да өңірлерінде пайдалану қажет. Уәкілетті мемлекеттік органдар бұған дейін алынып тасталған жобалау, құрылыс және бақылау процестерін заңнамалық тұрғыда қатаңдату мәселесін шұғыл түрде қарастыруы керек.
Алматыда 22 мектеп салынады
Жиында Үкімет басшысы білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін дамыту мәселелеріне де тоқталды. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 37 мың оқушыға арналған 22 мектеп салу жоспарда бар. Бұл мектептердегі орын жетіспеушілігін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Жыл соңына дейін Алматы әкімдігі 11 білім беру объектісін, оның ішінде 3150 оқуға арналған 6 жекеменшік мектепті пайдалануға беруді қамтамасыз етуге қажет. Сондай-ақ ҚМ сыбайлас жемқорлардың қаражаты есебінен құрылған бюджеттен тыс қоры бар. Осы қаражат есебінен де мектептер салынатын болады.
