Петропавлда «Ұлтын сүйген ұлы жүрек – Мағжан!» көрмесі ұйымдастырылды

«Ұлтын сүйген ұлы жүрек – Мағжан!».

Еліміздің солтүстігінде осындай атаумен түркі дүниесінің бірегей тұлғасы, Алаш қайраткері, ақиық ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы - Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған көрме ұйымдастырылды. Айтулы шараға орай облыстық тарихи-өлкетану музейіне Жұмабаевтар отбасының шежіресі, фотосуреттері, куәліктерінің көшірмелері тіпті ақынның өзі пайдаланған заттары да қойылды. Солардың ең құндысы – Мағжанның жәйнамазы. Ол жиырмасыншы ғасырдың басында жасалса да, бүгінгі күнге дейін қаз –қалпында сақталған. Шараға қатысушылар көрнекті тұлғаға қатысты жәдігерлерді ғана тамашалап қоймай, оның өмірі және шығармашылығымен де кеңінен танысуға мүмкіндік алды.

Айта кету қажет, мұндай мәдени шара алдағы уақытта аудандарда да жалғасын табады деген жоспар бар.

Самрат Құскенов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

- Мағжан Жұмабаевтың жәйнамазы. Бұл алтын түсті қымбат матадан тігілген. Мешіттің суреттері және де бірнеше ою-өрнектер салынған. Мағжан Жұмабаевтан кейін келіні Бибізайып апамыз намазға шығылған, 99 жасқа дейін. Баласы Тасболат Бекенов музей қорына өткізген.