Антикорға хабарласқан ауыл кәсіпкерінің құқығы қорғалды

Батыс Қазақстан облысында тағы бір ауыл кәсіпкерінің құқығы қорғалды.

Қазталов ауданындағы шаруа қожалығының иесі жайылымды пайдалану мерзімін ұзарту үшін әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Бірақ бұл әрекетінен түк шықпапты. Амалы таусылған шаруа ақыры Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне хабарласады. Кәсіпкердің арызын зерделеу барысында оның жерді қолдану уақытын ұзартуға заң бойынша толық құқы бар екені анықталды. Айта кету керек, жыл басынан бері аймақта 77 ауыл кәсіпкеріне құқықтық көмек көрсетілген. Шаруалар жерді пайдалану мерзімін ұзарту мен мемлекеттік органдардан рұқсат құжаттарын алу ісінде көп қиындыққа тап болады екен.  

Дидар Қырықбаев, кәсіпкер:

– Мен Қазталов ауданындағы шаруа қожалығының өкілімін. Ауылда мал шаруашылығын өртістетіп отырмыз. Жыл басында шаруашылықтың қарамағындағы жерді пайдалану мерзімі аяқталды. Оны ұзарту үшін аудан әкімдігін жағаладық, бірақ  олар қозғала қоймады. Кейін «Бизнеске жол» деген бағдарлама барын естіп, департаментке жолықтық. Нәтижесінде, біздің мәселеміз бір күннің ішінде шешімін тапты. 

Әділхан Сабыров, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

– Кәсіпкерлер бізге күн сайын хабарласады. Кейбірі хат жолдаса, енді бірі  өздері келіп жатады. Оларды жеке қабылдап, түйткілді мәселені бірлесе зерделейміз және заңдық тұрғыда көмек береміз. Жыл басынан бері жүзден астам кәсікерге қолдау көрсеттік. «Бизнеске жол» бағдарламасының басты мақсаты да сол. Өйткені, жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлерді бұлайша сенделтуі сайып келгенде өңір экономикасын тежейді деп санаймыз.