loader


Ақмола облысында «Күміс жас» жобасы аясында 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылды

50 жастан асқан 200-ге жуық Ақмола облысының тұрғыны жұмысқа орналастырылды. Бұл – былтыр қолға алынған «Күміс жас» бағдарламасының жемісі. Жоба аясында биыл да 100-ден астам адамды жұмыспен қамту көзделген. Басты мақсат – зейнет жасына таяған жандарға қолдау көрсету, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жобаның жемісін көрген жанның бірі – Әбдіжаппар Қиманов. Ол қаладағы құрылыс компанияларының біріне жұмысқа орналасты. Мамандығы бойынша қызмет етеді. Жасы 50-ден асқан азамат біраз уақыт жұмыс таппай қиналғанын жасырмайды. Ал осы жобаны естіген бойда бірден құжатын жинауға кіріскен. 

Әбдіжаппар Қиманов, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Ауылдан көшіп келгесін, қаладан жұмыс табу қиын болды. Жасымыз 50-ден асқасын, көп жер қабылдамады. Содан кейін осы бағдарламаны біліп, жұмысқа қамту орталығына тіркелдім. Одан кейін жұмысқа орналасуға жеңіл болды. Неге десеңіз, 60%-тен 70%-ке дейін Үкімет төлейді екен. Жаңа бағдарлама өте тиімді деп ойлаймын. 

Иә, кез келген жұмысқа орналасудың өзіндік қиындығы бар. Ал егде жастағы жандар үшін бұл тіптен қиын. Себебі жұмыс беруші, ең алдымен, азаматтардың жасына қарайды. Сол себепті 50-ден асқан жандардың дені қара жұмыспен айналасуға мәжбүр.

- Ондай-мындайға алмайды ғой бізді. Күзет сияқтыларға болмаса. Мен 60-қа жақынмын. Әлі тракторда істеймін.

- 50-ден кейін сол күзетші болмаса, басқа жұмысқа ала қоймайды.

- Баяғыда ата-бабамыз айтатын, екі қолға бір күрек табылады деп. Жұмыс іздеген адам табады. Жұмыс жетеді.

Игілікті жобаның тиімді тұсы көп. Мәселен, мамандығы жоқ азаматтарға қысқа мерзімді оқуда қарастырылған. Сұраныс артса, бөлінетін квота көбейеді, - дейді сала мамандар. Қазіргі уақытта олар жобаны жан-жақты насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Азамат Жанбеталин, облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы:

- Қаңтар мен ақпан айында бізде жұмыс тобы құрылды. Олар мобильді топтар барлық аудан мен ауылдарда әкімшілік, мектепте кездесулер өткізіп жатыр. Бағдарламадағы өзгерістерді де жан-жақты жеткізіп жатыр. Яғни, биыл қандай адамдар бара алады, олардың жалақысы қандай болады, қанша айға созылады деген ақпараттарды айтып, түсіндіріп жатырмыз.

Айталық, осыған дейін жобаға тек 60-тан асқан азаматтар ғана қатыса алатын. Жаңа өзгеріске сай жас мөлшері елуге түсіп, бағдарлама мерзімі 36 айға дейін ұзартылды.

Жалпы, білікті мамандарға әркез сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде облыс бойынша 2 мыңға жуық бос жұмыс орны тіркеліп отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко.

Сондай-ақ...