Келесі жылы елімізде адам папилломасы вирусына қарсы екпе салына бастайды

Папиллома вирусы жатыр мойны қатерлі ісігіне әкеледі. Дертті дендетпеу үшін оған қарсы вакцинаны жалпыұлттық иммундау күнтізбесіне енгізу көзделген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсел Сәрсекенованың қызы әлі кішкентай, небәрі екі-ақ жаста. Бірақ ананың көңілі балада емес пе? Сәбиінің дені сау, болашағы жарқын болуын қазірден ойлайды. Сол себепті адам папилломасы вирусына қарсы екпе салдыруды жоспарлап жүр.

Әсел Сәрсекенова, қала тұрғыны:

- Меніңше, тек ресми статистикаға сену керек. Ғылыми деректерге ғана сүйенген жөн. Айтылып жатқан қауесет көп. Оған ере беруге болмайды. Менің қызым кішкентай. Жасы келгенде, оған екпе салдарамыз. Бізді әйелдер арасында өлім-жітім көрсеткіші артқаны алаңдатады.

Иә, өкінішке қарай елде жатыр мойны обыры дендеп жатыр. Соңғы 10 жылда дерт 4,5 мың әйелдің ғұмырын қиды. Мамандар бұған көп жағдайда жыныстық жолмен тарайтын адам папилломасы вирусы себеп болатынын айтады. Оның алдын алу үшін вакциналау маңызды. Бүгінде бұл үрдіс 111 мемлекеттің жалпыұлттық иммундау күнтізбесіне енгізілген. Айтпақшы, 2013 жылы еліміздің 4 өңірінде оқушы қыздарды вакциналау бойынша пилоттық жоба басталған. Бірақ аяқсыз қалды. 

Алима Сатанова, онкогинеколог дәрігер:

- Сол кезде 2 қыз талып қалып, жоба тоқтатылды. Аз уақытта 14 мың адамға екпе салынды. Біз олардың мыңына зерттеу жасадық. Қыздардан сауалнама алып, репродуктивті денсаулығын бақыладық. Олардың қазіргі жағдайы жақсы. Ешқайсысына бедеулік диагнозы қойылмаған. Ең бастысы, екпе алған қыздардан адам папилломасы вирусының ешбір түрі анықталған жоқ. 

100-ден аса адам папилломасы вирусы бар. 2008 жылы неміс ғалымдары оның жыныстық жолмен тарайтын түрі жатыр мойны қатерлі ісігіне алып келетінін дәлелдеп, Нобель сыйлығымен марапатталды. Жаһанда жыл сайын 500 мың жатыр мойны обыры анықталады. Науқастардың жартысына жуығы асқынған дерттен көз жұмады.

Ерлан Көкібасов, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты бөлім басшысы:

- Біздің бөлімнің қызметкері жақында Түркияға барып, тәжірибе алмасып келді. Хирург ретінде бізді олардың жатыр мойны обыры бар науқастарға қалай ота жасайтыны қызықтырған еді. Біз таңқаларлық жауап алдық. Олар мұндай адамдарға операция жасамайды екен. Себебі екпе алғаннан кейін жаңа науқастар тіркелмеген. Ал біз ота жасап жатырмыз.  

Елімізде жатыр мойны ісігі онкоаурулар ішінде 3 орында тұр. Жыл сайын 2 мың әйелден қауіпті дерт анықталады. Оны адам папилломасы вирусы тудыратынын айттық. Сол себепті келесі жылы әйелдерді міндетті скринингтеу аясында вакциналау жүргізіле бастайды. Ата-анасы рұқсат етсе, 11 жасқа толған қыздарға да екпе салу жоспарланған.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мұрат Әріпханов.