Әсіресе Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысында жағдай күрделі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгінгі күнге дейін 50-ден астам үйді су басып 240 адам құтқарылды. Оның 20-ға жуығы уақытша қоныстарға орналастырылса, басым бөлігі туған-туыстарының үйін паналауға мәжбүр.
Сондай-ақ 700-ден астам түлік қауіпсіз жерге шығарылды. Сырым ауданында 14 ауыл жарықсыз отыр. Бұл елді мекендердің қосалқы станцияларына су басу қаупі төнгендіктен электр қуатынан ажыратылған.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстан облысы мен Орал қаласында жергілікті деңгейдегі табиғи төтенше жағдай жарияланған.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Қазір зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған дейін 26 жерде жолды су басу дерегі тіркелген еді. Қазір 13 жердегісі тоқтады. Кейбір жолдардың біраз бөлігі тасыған суды ағызу үшін жоспарлы түрде жырылды. Осы арқылы елді мекендерге төнген қауіпті сейілттік. Қосымша күш біріктіру үшін Маңғыстау, Атырау облыстарының құтқарушыларын топтастырдық.
