loader


Көлікке жалған техникалық байқау жасайтындарға жаза күшейеді

Қазақстанда көлікке жалған техникалық байқау жасайтындарға қатысты жаза күшейтіледі.

Енді осыны табыс көзіне айналдырған операторлар мен жүргізушілердің өздері де жауапқа тартылады. Қазір осыған байланысты әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгертулер енгізілейін деп жатыр.

Сағадат Қалиасқаров көлігін кезекті рет техникалық байқаудан өткізуге келді. Оның айтуынша, бұл ең алдымен жеке қауіпсіздік үшін керек шара. Сондықтан, «көлеңкелі» жер іздемейді. 

Сағадат Қалиасқар, жүргізуші:

- Бұл ең алдымен өзіңе керек қой... Міне, қазір тексерді, тежегіштерім бәрі жұмыс істейді. Басқа да көрсеткіштер талапқа сай. Енді уайымсыз жолға шығамын.

Астана қаласында техникалық байқау қызметін көрсететін 30 орталық бар. Бірақ олардың бәрі бірдей таза жұмыс істемейді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Техникалық байқаудан орталыққа бармай – ақ өтуге болады», - дейді білетіндер. Қазір біреуіне хабарласып сұрап көрейік.

– Алло, ассалаумағалейкум!

– Уағалейкүм ассалам.

– Техосмотр жасайсыздар ма?

– Иә, иә жасаймыз.

– Онлайн өтуге бола ма? Менде праворукий еді машинам.

– Болады. Қанша болады?

 – Сразу дайын болмайды. 6500 болады.

– Қанша уақытта дайын болады?

 – Бір күн ғой примерно.

– Уотсапқа жібірейін ба онда осы нөмірге?

– Иә, фотосын жібересіз фото машины потом техпаспорт жібересіз осы номерге.

«Жалған техникалық байқау жасайтын «пысықайлар» бұл бизнеске қыруар қаржы салып, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің «нанын» жеп отыр», - дейді сарапшылар. 2018 жылға дейін қызмет көрсету орнын арнайы комиссия келіп тексеретін. Ал  қазір оны екінің бірі аша алады. Қондырғылар бар ма, жоқ па, ешкім қарамайды.

Бауыржан Шайдолла, «Қауіпсіздік кепілі» ҚБ Төрағасы:    

- Бұл кәдімгідей күрделі мәселе болып барады. Осыған байланысты әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне 3 пункт бойынша өзгеріс енгізілейін деп жатыр. Біріншісі, жалған техникалық байқау қызметін көрсеткен операторларға 500 мың теңгеге жуық айыппұл салу. Жүргізушілерге де жаза қарастырылған.

Қазақстандағы көліктер ескіріп барады. Орташа дегендердің өзі 15 жыл жүр. «Олардың техникалық жағдайы айтпаса да түсінікті», - дейді сенат депутаты Ольга Булавкина. Сондықтан биыл техникалық байқау туралы Үкімет басшысына сауал жолдады.

Ольга Булавкина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Техникалық байқау операторларының диагностикалық тексерісі экологиялық талаптарға сай болуы тиіс. Қазір экология министрлігімен арнайы «Жол картасы» әзірленіп, заңнамаға енгізілейін деп жатыр.

Қазір техникалық байқаудан өту тәртібін күшейту үшін әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгертулер енгізілейін деп жатыр. Бұл мәселе туралы ішкі істер министрі пікір білдірді. 

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Қазір Қазақстанның 12 қаласында «Қорғау» зияткерлік жүйесі жұмыс істейді. Бұл әзірге пилоттық жоба. Ол мемлекеттік нөмір арқылы көліктің техникалық байқаудан өткен - өтпегенін көрсетеді. Жалғандығын да анықтайды.

Қазір Қазақстанда 5 млн жуық көлік бар. Мамандардың айтуынша, олардан шығатын улы қалдықтар қоршаған ортаға орны толмас зиян тигізеді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Диас Қобланбаев

Сондай-ақ...