Таразда 12 саяжай арзан электр жарығына қосылды

Тараз қаласында 12 саяжай орталық желіге қосылып, арзан электр энергиясымен қамтылды.

Бұған дейін қала сыртындағы үйлерге жекенің меншігіндегі компаниялар электр қуатын таратып келген. Сәйкесінше тариф бағасы да екі есе қымбат болатын. Өйткені заңды тұлғалардың төлем жүйесінде 1 килоВатт электр энергиясы 30 теңге деп белгіленген. Енді тұрғын алаптар орталық желіге кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Биыл тағы 16 шағын ауданға жаңа трансформаторлар орнатылып, іске қосылады. Тозығы жеткен ескі бағаналар ауыстырылып, жоғары кернеулі электр желісі тартылды. Жалпы жоспар бойынша саяжай аумақтарын сапалы жарықпен қамтуға республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаражат жұмсалды.

Дәмегүл Махмұтова, "Құмшағал" массивінің тұрғыны:

- Қалаға қарағалы светтің бағасы біраз арзандады. Бұрын біз өте қымбат төлейтін едік. Дача есебінде едік. Қазір Аллаға шүкір 15 теңгеден төлейміз. Жақсы халыққа ыңғайлы.

Нұрбол Қалдыбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Жобаға сәйкес осы алқаптарда 5575 абонент қарастырылған. Қазіргі таңда 2375 тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстары жүргізілді.