Қызылордада жаңа әуежай терминалының іргетасы қаланды. Жоба халықаралық талаптарға сай жасалған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаңадан бой көтеретін нысанның аумағы 7,5 мың шаршы метрді құрайды. Жоба құны – 31 млн АҚШ доллары. Бұл құрылыс өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізбек. Әуе көлігі қызметін халықаралық деңгейге жеткізуге, авиациялық қауіпсіздікті күшейтуге, жаңа әуе бағыттарының ашылуына мүмкіндік артады, - дейді мамандар. Қазір «Қорқыт ата» әуежайынан жылына 1400 рейс орындалса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3000-ға жетеді деп күтіліп отыр. Тасымалданған жолаушы саны 260 мыңнан 500 мыңға дейін көбейеді. Ал жүк тасымалы 150-ден 300 тоннаға дейін артады деп межеленіп отыр.
Айдын Тұрғанбаев, тапсырыс беруші компания өкілі:
- Бұл жоба өте қысқа мерзімде салынады, біріншіден. Ол қаражаттың арқасында. Бәрі уақыты болғандықтан. Қазір геополитикалық жағдайдан логистикада қиын жағдай болып жатқанын білесіздер. Сондықтан алдын ала бәріне тапсырыс беріп, метериалдарды ерте бастан әкеп қоюды жөн көріп жатырмыз.
