Таразда ұлттық тағам түрлерін дайындаудан шеберлік сабағы өтті

Шара мектеп оқушылары мен көпбалалы аналарға арналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық дәм әзірлеудің қыр-сырын Мөлдір Желеубаева таныстырды. Ол 10 жылдан бері осы істі кәсіпке айналдырған. Ауданнан арнайы келген келіншек қазақы сусын қымыз бен шұбатты дайындау жолдарын айтты. Оған қоса сүттен 7 түрлі өнім дайындаудың жолымен бөлісті. Шараға қатысушылар өз қолымен құрт, ірімшік жасады. Ұлттық тағамды ұлықтауға арналған шара «Анаға тағзым» орталығында өтті.

Айта кетерлігі, мұнда көпбалалы аналар мен жалғызбасты келіншектерге арналған 9 үйірме жұмыс істейді. Бүгінге дейін орталықта 50 оқушы мен 40-қа жуық әйел осы аспаздық курсын тәмамдады. Бүгінде олардың кейбірі өз кәсібін бастаса, енді бірі қайтарымсыз грант иегері атанған.

Мөлдір Желеубаева, Талас ауданының тұрғыны:

- Күбімен піскен майдың дәмі басқаша, тоқпен піскен май мен құрттың дәмі басқаша. Оны түбегейлі қазіргі жастарымызға құрамын өзгертпей жасау жолдарын үйретіп жатырмын. Атадан балаға арнайы, дұрыс жолда жетуі үшін.

Анель Дүйсен, оқушы:

- Осы Анаға тағзым орталығының арқасында ауылда жеп жүрген тағамдарды қалада да үйреніп, қолдан жасау бір мәртебе.